ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ: ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫН АЙҚЫНДАДЫ

0 votes

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ұжымы Президент Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. 

 

Президент Жолдауын ден қойып тыңдаған ғалымдар дөңгелек үстелге тыңғылықты дайындықпен келген. Басты мақсат – Ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын жолдаудағы маңызды мәселелерді зерделеп, ғылыми тұрғыда тұжырым жасап, қоғамға нақты дәлелдерімен толықтай түсіндірудің жолдарын қарастыру.

 

«Жолдауда Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған, одан кейінгі Үкіметтің алдына қойып жүрген тапсырмаларының жалғасы ретінде қабылдаймыз. Бастысы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мен білім сапасын арттыру мәселесіне де тоқталды. Соның ішнде негізгі бір мәселе – 6 қазанда референдум өтетіндігі анықталды. Атом электр станциясын салуға байланысты елімізде білікті эксперттер, аталған саланы зерттеп жүрген ғалымдар ой-пікірлерін білдіруде. Біздің мақсатымыз ғалымдардың, жоғары оқу орындарының міндеті халыққа АЭС салудың тиімділігін, оның ел экономикасы үшін маңызын нақты фактілермен түсіндіру. Әрине, референдум кезінде халық өз таңдауын жасайды. Болашақта еліміздің дұрыс өркендеп дамуына атом электр станциясының қажет екені белгілі», - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.

 

Университет ғалымдарының ой-пікірін баспасөзде жариялау үшін дөңгелек үстелді ұйымдастыруға «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев бастаған журналистер де қатысты.

 

Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек»,-деген сөзі тәжірибелі педагогтардың көкейінде жүрген көп мәселені қозғаған.

 

«Білікті маманды дайындағанда әрбір педагогикалық бағытқа байланысты мемлекет тарапынан да қолдау керек. Жалпы жоғары оқу орындары қандай мамандыққа қанша студент керек екенін алдын ала монинторинг жүргізіп тізбесін шығаруы қажет. Сонда біз қоғамға артық маман дайындамаған болар едік. Маман дайындаудың өркениетті елдерде белгілі деңгейде қалыптасқан қағидалары бар. Жоғары оқу орындарына тек қана үздік мектептердің түлектері қабылданады. Университетке келгенде арнайы шығармашылық бағытта өзінің қарым-қабілетін көрсететін емтихан тапсырады. Сонымен қатар, барлық дәріс және практикалық сабақтар тәжірибеге негізделіп өткізіледі. Тәжірибе қай уақытта да білікті маманға жол ашады деп есетпеймін. Сондықтан да, білікті маман дайындау мәселесі қазіргі кезде өзекті мәселе болып отыр. Маман дайындауға ерекше мән беруіміз керек деп есептеймін», - деді педагог Айдар Сабиров.

 

Бұдан бөлек, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнар Сүлейменова Жолдаудың экономиканың бағдарын, географ-ғалым Арман Жұмағазиев елімізге гидролог мамандарды дайындаудыбасты назарға алу қажеттігін айтса, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Елеуова Жолдау ел болашағын айқындайды деген тұжырым жасады. Ал әлеуметтанушы Айдын Лұқпанов Жолдауда айтылған халықтың әл-ауқатын көтерудегі маңызды бағыт орта тапты қалыптастыру – тұрақтылықтың кепілі болатындығына сенім мол дейді.

 

Жиын бағдараламасындағы негізі баяндамашылар сөзінен кейін оқытушы-профессорлар өзара пікір алмасып, дөңгелек үстелді қорытындылады.

 

     

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521