Өңірлердің дамуының негізгі басымдықтарының бірі – оқу үшін қолайлы жағдай жасау және тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының жүзеге асырылу барысына арналған «Реформалар логикасы: Күшті өңірлер – күшті ұлт» атты мақаласында Мәулен Әшімбаев мектеп барлық балалар үшін тең мүмкіндік алаңы болуы керектігін, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жоюға бағытталғанын атап өтті.
«Ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2024–2025 жылдары 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салу жоспарланған, оның 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Сол мектептердің басым бөлігі қазірдің өзінде салынды, тағы 41 мектеп құрылысының аяқталу кезеңінде. Бұл тек ғимараттар ғана емес – бұл жаңа өсу нүктелері, онда балалар заманауи талаптарға сай жағдайда білім алады... Мұнда тек қабырғалар тұрғызу, коммуникация тарту немесе мектеп аумағын абаттандыру ғана емес, ең бастысы – мазмұндық бөлікке басымдық берілген: жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік, заманауи оқу кабинеттері, жаңа білім беру технологиялары. Мұның бәрі ауыл балаларына ірі қалалардағы лицейлер деңгейінде білім алуға мүмкіндік береді», – деді Сенат Спикері.
Сонымен қатар, мақала авторы қолдауды және дамуды қажет ететін ауылдардағы өмір сүру деңгейіндегі теңсіздіктерге назар аударады. Сенат Спикерінің пікірінше, Мемлекет басшысының осы бағыттағы бастамалары ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ең алдымен, ұлттық болмысымызды сақтауға ықпал етеді.
«Ауылдың дамуы, оның мәселелерін шешу – бұл тек аграрлық сектордың тиімділігін арттыру мәселесі емес, бұл – қазақ халқының мәдени кодын сақтау мәселесі. Жүйелі реформалар арқылы біз ұлттың бесігін көтереміз және ауылды өмір сүруге, сондай-ақ ең батыл армандарды жүзеге асыруға қолайлы мекенге айналдырамыз... Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының ауыл мен ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған шаралары тек экономикалық немесе әлеуметтік мәнге ие емес – олардың ішкі логикасы түптеп келгенде біздің ұлттық бірегейлігімізді сақтау мен нығайтуға бағытталған. Ал бұл – мемлекетті мемлекет ететін басты құрамдас бөлік», – деп жазды Мәулен Әшімбаев.

