Бақилыққа озған марқұмды соңғы сапарға аттандыру және қаделі күндерін өткізу рәсімдеріне байланысты мәселе соңғы кездері жиі талқыланып жүр.
Әрине, адамның өмірден өтуінен асқан ауыр қайғы болмаса керек. Ол, алдымен, сол салмақ түскен қаралы шаңыраққа ауыр, қала берді жанашыр жақын-жұрағатына ауыр қайғы. Біздің бала кезімізде марқұм болған адамның күзеті болушы еді. Ол - жаназа намазы болатын күннің алдыңғы күнгі кешкі рәсім. Көбінесе ауыл ақсақалдары, әулеттің туыстары, ағайындары қатынасып, марқұмның кебіні пішіліп (молда, имамның қатынасуымен) даярланушы еді. Ертесіне жаназа намазы оқылып, соңғы сапарға аттандырылып, мәңгілік мекеніне орналастырылатын. Одан кейін «үші», «жетісі», «қырқы», «жүзі» сияқты қаделері де өткізілетін-ді.
Бұл рәсімдер қазір де өткізіліп жүр. Әйтсе де, ойланарлық мәселе бар. Жоғарыда айтылған «күзет» қазір аста-төк «қонақасыға» айналды. Және сол қонақасы көбінесе тойханаларда өткізіліп жүр, оған шамаман - 200, тіпті, одан да көп адам қатынасады. Өзі қайғыдан қан жұтып отырған қаралы шаңырақ осындай шара (әлде, рәсім дейміз бе) өткізу үшін қаншалықты материалдық шығынға ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Бұрынғылардан қалған бір сөз «Өлім – байдың малын шашады, жарлының артын ашады» дейді.
Одан кейінгі марқұмның берілетін қаделері бар. Бұларға да келушілер қазір бұрынғы кездерге қарағанда молырақ жиылатын болды. Ал ол, сайып келгенде, қаралы шаңырақ үшін тағы да қосымша ауыртпалық жүктейтіні түсінікті болса керек. Осы жерде, бұрындары да айтылып жүр, көңіл білдіріп, демеу болуға жиылған жас-кәрі мүмкіндігінше сол шаңыраққа материалдық көмектерін ұсынса абзал емес пе? Мұндай көмекті бала кезімде де байқап қалушы едім. Сол өткен ғасырдың алпысыншы жылдары көршілес Махамбет ауданынан, Атырау қаласынан жақын-туыс «пәленше ағайын қайтты» деп хабар айта келіп жататын. Ол кезде көлік қат кез, жүмыстан кейін кештетіп келгендердің көлігіне әкем «көмегім» деп бір қойын салып жіберіп жататын.
Қазіргі жағдайда қаралы шаңыраққа жәрдемдесу қаржылай көмек қолын созудан көрінетін болды ғой. Соңғы кезде имамдарымыз да айтып, ақпарат құралдарында да жазылып жүрген жағдай бұл. Егер марқұмның қаделеріне қатысушы әрбіріміз, кәріміз де, жасымыз да, мүмкіндігінше қаржылай көмек етіп жатсақ өзіміз дос, жолдас, туысымыз, ауылдасымыз деп қайғысын бөлісе келген жандарымыздың иығына түскен салмақты көтеріскен достық, жолдастық, туыстық, ауылдастық ниетіміз шынайылана түсер де еді ғой.
Қазақта «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген де сөз бар, осы бір жазбам оқығандарға ойтүрткі болғай дедім. Біздің бұл көмегіміз сауапты ісіміз әрі дәстүрдің тозығынан гөрі озығына қарай бағытталған оң қадамымыз да болар еді.
Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Сурет: ашық дереккөзден