Qarmet еңбек ұжымы жаңа Конституция бойынша референдум өткізуді қолдайды

(0 Votes)

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Андрей Лаврентьев металлургиялық комбинаттың еңбек ұжымымен кездесті.

Ашық форматта өткен жүздесу барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының негізгі қағидаттары мен нормалары, сондай-ақ олардың ел дамуына, өнеркәсіптің өркендеуіне, құқықтық мемлекетті нығайтуға және еңбек адамының құқықтарын қорғауға ықпалы кеңінен талқыланды.

«Жаңа Конституция – еліміздің болашағын айқындайтын берік құқықтық тұғыр. Оның өзегінде әділеттілік, заң үстемдігі және адамға құрмет қағидаттары жатыр. Әсіресе еңбек адамдары үшін мемлекет тарапынан баршаға бірдей әрі түсінікті ережелердің қамтамасыз етілуі, азаматтардың құқықтары қорғалуы және дамуға тең мүмкіндіктердің жасалуы аса маңызды. Осындай қағидаттар негізінде ғана қуатты, орнықты әрі әділетті мемлекет қалыптасады», - деп атап өтті Лаврентьев.

Мемлекет басшысы отандық өнеркәсіптің тірек кәсіпорындарының бірі саналатын, ел экономикасының дамуына қомақты үлес қосып отырған Qarmet ұжымының еңбек жетістіктерін жоғары бағалайды.35 мың адамнан тұратын Qarmet еңбек ұжымы жүргізіліп жатқан реформаларды және алдағы референдумды қолдайтынын білдірді. Ұжым өкілдері Конституцияны жаңарту қазіргі қоғамның негізгі құндылықтарын – заң мен тәртіпті, адам мен азаматтың басымдығын, жеке тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды, еңбек ету құқығын, білім алу және кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік беруді айқындайтынын атап өтті.

Металлургтер Конституциялық деңгейде адамға бағдарланған ұстанымды бекіту құқықтық кепілдіктерді күшейтіп, әділ әрі болжамды қоғамдық-экономикалық орта қалыптастыратынын, өзара сенімді нығайтып, өнеркәсіптің орнықты дамуына серпін беретінін жеткізді.

Компания ұжымы атынан болат департаментінің директоры, жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асатын металлургтер әулетінің өкілі Андрей Берг сөз сөйледі: «Біз елде жүзеге асырылып жатқан реформаларды толық қолдаймыз. Жаңа Конституция тұрақтылықтың, әділеттіліктің және дамудың ұзақ мерзімді негізін қалыптастыратыны біз үшін маңызды. Өз тарапымыздан адал еңбек етіп, өнеркәсіптік әлеуетті нығайтуды әрі еліміз бен компаниямыздың өркендеуіне үлес қосуды жалғастыра береміз».

Бүгінде Qarmet компаниясы өндірістік қуаттарды технологиялық тұрғыдан жаңартуға, тиімділікті арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталған «5-9-5» ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында кадр даярлау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және заманауи қауіпсіздік стандарттарын енгізу мәселелеріне айрықша басымдық берілген. Бұл бағыттар білім мен ғылымды, инновацияларды дамытуға негізделген мемлекеттік саясатпен толық үндеседі.Кәсіпорын ұжымы референдумға қатысуды жоғары азаматтық жауапкершіліктің және ел болашағын айқындауға саналы түрде атсалысудың көрінісі ретінде бағалайды. Металлургтер жаңа Конституция Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға, еңбек адамының құқықтарын қорғауға және елдің ұзақ мерзімді, тұрақты дамуын қамтамасыз етуге берік негіз болатынына сенім білдірді.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT