Қарттардың үй шаруасына көмектескен оқушылар көпті тәнті етті

«Сыйласаңдар кәріңді, жарылқармын бәріңді» дегендей, қартын қадірлеу, оларға құрмет көрсету секілді қанымызға сіңген қасиеттен ажырап қалып жатқан жоқпыз ба дейміз кейде қоғамдағы кейбір жайттарды көргенде.

Мал-дүниеміз ғана емес, жандүниеміз де жаһанданып жатқан қазіргі қоғамда жастарымызды үлкенді қадірлей білуге үйрету - алдыңғы буынның міндеті.

abai-qair

Бұрындары жастанып жатып оқитын «Тимур және оның командасы» атты бір шығарма естеріңізде шығар. Әлгі туындыдағы кейіпкерлерден алған әсермен жалғызбасты қарттардың үйін аралап, жабылып жәрдемдесіп кететін де едік қой. Ал, қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда бір-біріне көмектеспек түгілі, өз-өзіне жетпей жүреген адамнан көз сүрінеді.

110220-qair

Дегенмен, биылғы Еріктілер жылы жастарға біраз серпін берген тәрізді. Жақында редакциямызға келіп түскен хаттардың бірінен соны аңғардық. «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық акциясы аясында Абай атындағы орта мектептің 10 «А» сынып оқушылары Шыныбек ауылының тұрғыны Шапхат ата мен Жаңылсын әженің үйіне барып көмек қолын созыпты. Сынып жетекшісі Раушан Басығараеваның қатысуымен өткен шарадағы мақсат балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету, оқушыларды кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу екен. Оқушылар қолдарынан келгенше қарттардың үй шаруасына көмектесіп, тазалық жұмыстарын жүргізіп өздерінің еңбекқор, кішіпейіл екендерін көрсетіпті. Қайырымдылыққа, мейірімділікке не жетсін, қуанып қалдық. Бұндай істер көбейе түссе екен деген оймен аталған қайырымдылық істі оқырманмен де бөлісуді жөн көрдік. - Болашақта олардан еліне адал қызмет ететін белсенді тұлғалар шығады деп ойлаймын, - дейді хатта оқушыларына риза болған сынып жетекшісі Раушан Басығараева.

Әрине, жақсылыққа шақырып, оң бағыт берер ұстаз болса, оған қарап бой түзейтін шәкірттің де көбейері анық.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521