Қасым-Жомарт Тоқаев: Конституциялық реформа - Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес

Мемлекет басшысының қатысуымен Amanat партиясының кезектен тыс XXIII съезі өтті.

Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан

Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына мемлекет пен қо­ғамды түбегейлі жаңарту үдерісі бас­талғанын айтты. Прези­­дент­тің пікірінше, Аmаnаt осы жүйелі өзгерістерге белсенді ат­салы­сып келеді. Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысы партияның қолға алын­ған рефор­маларға жан-жақ­­ты қолдау көрсетіп, «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет» тұжы­­рым­дамасын тиімді жүзеге асы­руға қосып жат­қан үлесіне тоқталды.

 – Аmаnаt әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша мис­сиясының бірі. Өткен съезде партияға ребрендинг жасау қол­ға алынды. Сондай-ақ оны инсти­туционалдық тұрғыдан жаңарту жұмысы басталды. Партия бұл міндеттерді орындауға дереу кірісіп кетті. Нақты нәтиже бар, өзге­рістерді қазірдің өзінде көріп отыр­мыз. Осы қарқынды бәсең­дет­пей, жұмысты одан әрі жал­ғас­тыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент наурыз айының ортасында Қазақстан халқына арна­ған Жол­дауында саяси ре­формалардың ауқым­ды бағдар­ламасын ұсынғанын еске салды. Сонымен қатар бірден Консти­туцияға енгізілетін өзгерістер мен толық­ты­рулардың жобасын дайындау жөнінде ауқымды жұмыс басталғанын, онсыз жос­пар­ланған саяси реформаларды тиімді жүзеге асыру мүмкін емес екенін атап өтті.

– Конституциялық рефор­маның мақсаты – елімізді сая­си тұрғыдан одан әрі жан-жақ­ты жаңғыртудың берік ірге­та­сын қалау. Өткен аптада Конс­титу­циялық Кеңеске түзету­лер жобасы жолданды. Оның қабылдануы мемлекеттік институттарды құрудың және қызметінің мүл­де жаңа үлгісін – Жаңа Қазақ­станды құруға мүмкіндік береді. Азаматтар тарапынан «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қазақстан. Азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындайықшы. Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенім­сіздігі осыдан туындайды. Сон­дықтан Amanat партиясының алдында осы олқылықтардың орнын толтыру міндеті тұр. Аза­маттық қоғам мен билік ара­сында дәнекер болу үшін сіздер халық өкілдерімен етене жұмыс істеулеріңіз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елдің бүкіл саяси архитектурасын кешенді түрде қайта қарауға, билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің неғұрлым теңгерімді жүйесін құруға бағытталғанын айтты. Президенттің пікірінше, біз суперпрезиденттік басқару түрінен түбегейлі бас тартамыз, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттігін күшейтеміз. Пар­тия­лық-саяси жүйені жаңғырту – басым бағыттың бірі.

Мемлекет басшысы партиялар мен сайлау туралы заңнамаларды либерализациялау қоғамның рөлін күшейтеді деп санайды. Бұл биліктің барлық деңгейінде қабылданатын шешімдеріне қатысты. Президенттің пайымынша, азаматтардың дауысы үшін бәсеке күшейіп, саяси үдерістердің қарқыны мен мазмұны өзгереді.

– Жалпы алғанда, партиялық алаңда сең қозғалғанын көріп отырмыз. Adal партиясының Аma­nat партиясымен қосылу жөнін­дегі бастамасы – бастал­ған өзгерістердің жарқын көрінісі. Adal партиясының жетек­шілері мен мүшелеріне осы маңызды шешімдері үшін риза­шылығымды білдіремін. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, елге жанашыр қоғамдық-саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан Adal партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. Adal – өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Мемлекет басшысы жауапты әрі аса маңызды кезеңге қадам басқанымызға тоқталды. Президенттің ай­туынша, конс­титуциялық реформа – тәуел­сіздік тарихындағы жаңа белес. Мұның бәрі уақыт талабынан және қоғам сұранысынан туындап отыр.

– Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап Amanat партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сай­лауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін бар­шаңызға алғысымды айтамын. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды біл­діремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен уақыт бір орнында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қаты­сатын барлық күшке тең мүм­кіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.

– Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басым­дыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмы­сына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатар­ынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. Аmаnаt еліміздің сая­си өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақта­лып, партия ел игілігі үшін жасап жат­қан жұмыстарын жалғастыра бе­реді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пар­тия­ның төрағасы лауазымына Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановты ұсынып, оған ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат деп баға берді.

Съезд делегаттары Пре­зи­денттің ұсынысын қолдап, Ерлан Қошановтың кандидатурасына бірауыздан дауыс берді.

Мемлекет басшысы бүгінгі өзгерістер Аmаnаt партиясының заман талабына сай жаңара түсуіне жол ашатынына сенім білдірді.  

egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT