Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді?

Жаздың соңғы айында Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Sputnik Қазақстан елдегі жаңашылдықтарға шолу жасады.

21 250 теңге төленеді

3 тамыздан карантиннің тағы екі аптаға ұзаруына байланысты кірісінен айырылғандарға 42 500 теңгенің жартысы, яғни 21 250 теңге төленеді.

Әлеуметтік төлем қазақстандықтардың шотына автоматты түрде аударылады.

Ал, шілде айына біржолғы төлем тағайындауға алғаш рет өтініш бергендерге бірден 1,5 ең төменгі жалақы немесе 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) төленеді.

42 500 теңгеге үміткерлер:

* жалақысы сақталмайтын еңбек демалысындағы қызметкерлер;

* жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар;

* азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалар;

* бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.

Әлеуметтік төлемге өтініш қабылдау осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Жоспарлы медициналық көмек

Бірінші тамыздан жоспарлы медициналық көмек көрсету кезең-кезеңмен жанданады.

Президенттің тапсырмасымен тамыздан бастап жоспарлы медициналық көмекті жандандыру жоспары әзірленді. Жоспарлы көмек, ең алдымен, республикалық деңгейдегі емханаларда қалпына келеді. Кейін, олардың қатарына коронавируспен күрес шараларына жұмылдырылмаған стационарлар қосылады.

Коронавирус пен пневмонияның статистикасы біріктіріледі

Қазақстанда 1 тамыздан бастап коронавирус және пневмония ауруларының статистикасы біріктіріледі.

12 шілде күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан COVID-19 жағдайларын жаңа форматта тіркеуге қатысты ресми хат келген болатын.

Бірақ, бұған дейін вирустық пневмонияға шалдыққан науқастар статистикаға кірмейді. Яғни, тамыздан бастап тіркелген жағдайлар қосылады.

Сенат сайлауы

12 тамызда парламент сенатының сайлауы өтеді. Тиісті жарлыққа ел Президенті 12 маусымда қол қойған болатын.

Сенат депутаттығына 58 үміткер тіркелді, бір орынға орта есеппен 3 кандидат үмітті.

Өңірлер арасында ең көп кандидаттар санын Нұр-Сұлтан мен Ақмола облысы ұсынған.

Қазір кандидаттар сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын жүргізіп жатыр.

11 тамыз – тыныштық күні, ал 12 тамыз – дауыс беру.

Сайлау қорытындысы 18 тамызға дейін жарияланады.

Білім саласындағы жаңалықтар

Карантиннің ұзартылуына байланысты білім және ғылым министрлігі бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімін 20 тамызға дейін созды.

Медициналық анықтамаларды алу қиын болғандықтан, мектепке құжат тапсыру кезінде оларды ұсынбауға уақытша рұқсат етіліп отыр. Министрлік медициналық анықтаманы мүмкіндік болған кезде тапсыруға болатынын нақтылады.

Сонымен қатар, докторантураға құжат қабылдау мерзімі 10 тамызға дейін ұзартылды.

Карантин режиміне байланысты магистратураға түсу үшін тапсыратын кешенді тестілеу 3 тамызда емес, 17 тамызда басталады.

Әуе рейстері жанданады

10 тамыздан бастап қазақстандықтар Түркияға ұша алады. Маусым айының екінші жартысында түрік елімен халықаралық әуе қатынасы жанданған болатын. Алайда карантиннің күшейтілуіне байланысты рейстер қайта тоқтады.

Сонымен қатар, осы айда Таиланд пен Грузияға да рейстерді ашу жоспарланып отыр.

Карантин жеңілдейді

Қазақстанда күшейтілген карантин 2 тамызда аяқталуы тиіс еді. Алайда президент тапсырмасымен тағы екі аптаға, 17 тамызға дейін ұзартылды.

Үкімет карантин шараларынан кейін бірінші кезеңде іске қосылатын кәсіпорындар тізімін жасады.

Бұл сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сұлулық салондары, білім орталықтары, жабық базарлар, үйірмелер және тағы басқа нысандар.

Денсаулық сақтау министрлігі қызметі жанданатын нысандарға қойылатын санитарлық талаптарды 5 тамызға дейін әзірлеп, жариялайды. Әр нысан ашылар алында мұқият тексеріледі.

sputniknews.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521