Қазақстанда ақысыз заңгерлік көмек акциясы өтеді

Қазақстанда ақысыз заңгерлік көмек көрсетуге арналған «Qorgau» әлеуметтік акциясы өтеді.

«Өткен жылы біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен республикалық жобаны іске асырып, сол шараның аясында мемлекеттік грант негізінде Қазақстанның әр ауданында кеңселер ашылған болатын. Әр кеңседе адвокаттар мен заң кеңесшілері жұмыс істеді. Осының арқасында былтыр азаматтарға 20 мыңнан астам кеңес берілді. 400-ден астам адам сотта қорғалды» деді «Eurasian Expert Council» қорының президенті, «Qorgau» жобасының жетекшісі Шыңғыс Лепсібаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстанда 209 аудан бар. Кеңселерге келіп ауылды жерлердің тұрғындары да кеңес сұрайды. Осы қажеттілікті ескере отырып, жоба биыл да жалғасын таппақ.

«Азаматтардың көпшілігі заңды білмейді. Сонымен қатар, интернеті жоқ аудандар да бар. Яғни, қиын жағдайға тап болған адамдар көмек көрсететін қызметтер жұмыс істейтінін де білмейді. Сондықтан адамдарға жергілікті жерде көмектесу үшін жоба арнайы дайындалды» деп толықтырды жоба жетекшісі.

Шыңғыс Лепсібаев әр тұрғын өз ауданындағы адвокатпен байланысқа шыға алатынын айтады.

«Адвокатты жалдаудың қажеті жоқ. Енді біздің заңгерлер барлық мұқтаж адамға тегін көмек көрсетуге дайын. Бұл акция «Волонтерлер жылы» аясында ұйымдастырылды» деп түйіндеді сөзін Шыңғыс Лепсібаев.

inform.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT