Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Яғни, құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға сыйламаушылық көрсетіліп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса - ескерту немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады. Бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер - 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасына тартылады.
Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-1-бабымен заңды шарасы алынады. Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру -15 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алумен жазаланады. Құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұратын адамға қатысты жасалған әрекеттер- ескерту жасауға немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда-20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Егер әрекет Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-2 бабына сәйкес «ұрып-соғу» ретінде дәрежеленсе, онда ол 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) айыппұлмен немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаумен жазаланады.
Кейбір жағдайларды мысалы, үйде күйеуі жанжал шығарып, көршілері немесе әйелі полицияға қоңырау шалса, оқиға орнына келген қызметкерлер дебоширді құрықтайды. Бірақ жұбайы арыз жазғысы келмесе және оның оның денесінде анық көгерген жерлері көрінбесе, дау-жанжалшыға қорғау нұсқамасы беріледі. Онда бұдан былай оған үйінде дау-жанжалдар шығаруға, үйдегілеріне қол көтеруге тыйым салынады. Содан кейін учаскелік инспектор аптасына бір рет тұрғылықты жеріне барып, тексеріп отырады. Қорғау нұсқамасының мерзімі 30 күнді құрайды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 461-бабына сәйкес құқық бұзушыға ескерту жасалуы немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
Сондай-ақ, сот ұйғарымымен жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрмыстық зорлық-зобылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленуі мүмкін.
Ерекше талап белгіленген адамға жәбірленушінің отбасының, оның еркіне қарамастан оны іздестіруге, оның ізіне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға болмайды.Сонымен қатар, психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға тыйым салынады.
Ішкі істер органдары қорғау нұсқамасы шығарылған немесе мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдарды профилактикалық есепке қойып, профилактикалық бақылауды жүзеге асырады.
Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірген жағдайда (ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы) айыпталушыға 1000 АЕК дейін айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер қылмыс бірнеше рет жасалса немесе көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса жаза мөлшері 2000 АЕК-ке дейін, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 3 жылға дейін бас бостандығын айыруға ұлғайтылады.
Денсаулыққа ауыр зиян келтірген кезде (ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы) - 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылады. Бірнеше рет қылмыс жасаған не көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған кезде – 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, онда полицияның кезекші бөліміне, 102-ге қоңырау шалыңыз. Жарақатыңыз болса бірден жедел жәрдем шақырып немесе ауруханаға барып, алған жарақаттарыңызды тіркетіп, полицияға жүгініңіз. Құқықбұзушы жауапкершіліксіз қалмасын!
Мөлдір МАҒАЗОВА,
Исатай АПБ ЖПҚб-нің әйелдерді
зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы,
полиция капитаны