Ауылдың елжанды азаматтарының бірі, аққыстаулық ерікті Роберт Гумаров Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен марапатталды.
Індет өршіген биылғы жаз айларында халыққа көмек қолын созу мақсатында ауыл белсенділерінің басын қосып, жақсылыққа ұйытқы болған жерлесіміз Роберт Гумаровтың жетекшілігімен көптеген қайырымдылық шаралары қолға алынғаны есімізде. Мәселен, ауданымыздағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмек, азық-түлік тарату, аудандағы провизорлық стационарға оттегі концентраторлары, пульсоксиметрлер, медициналық маскалар, басқа да сақтандырғыш құралдарын алып беруге жәрдемдескен аудан еріктілерінің еңбегін ерекше айтар болсақ, сол сауапты істердің басында жүрген азаматтардың бірі – осы Роберт бауырымыз.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Атырау қаласында өткен салтанатты жиында Роберт Гумаров облыс әкімінің қолынан Қазақстан Республикасының «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.
- Ел басына қиын жағдай түскенде ауданның жанашыр, қайырымды жандарына үндеу жолдаған болатынмын. Бір ауыз үндеуіме үлкен қолдау көрсеткен аса қадірлі ауылдастарыма ризашылығым шексіз. Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының «Құрмет Грамотасымен» марапатталу - мен үшін үлкен мерей. Бұл - жалғыз менің емес, қайырымды жандардың марапаты.
Сын сағатта біз шын ықылас-ниетпен елге қызмет еткіміз келді. Бізге баға жетпес марапат Алланың шарапаты, халықтың алғыс-батасы деп білемін. Ендігі келер жылымыз берекелі болып, ауыр індеттен біржола арылуды бізге Алла нәсіп етсін! - дейді құрметке бөленген азамат.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ