АСТАНА. KAZINFORM — Конституция жобасына қатысты референдум күні 10 413 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Азамат Айманақұлов айтты.
- Референдум учаскелерінің барлық саны – 10 413. Оның ішінде азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылғандары - 9 779, уақытша болу орындарында құрылғандары – 634. Олардың ішінде 64 шет мемлекетте орналасқан учаскелердің саны - 82. Референдум комиссиялары мүшелерінің саны 71 044 адам. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дауыс беруге қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 416 759 азамат енгізілді, яғни республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін жасау үшін негіз бар, - деді ол.
Оның айтуынша, оған тек қаңтар, ақпан айларындағы азаматтардың көші-қон динамикасына байланысты және азаматтар берген өтініштерді есепке алу бойынша түзетулер енгізу қажет.
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 24-бабының 5- тармағына сәйкес республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар тізімінің дұрыстығы үшін жергілікті атқарушы органдарының лауазымды адамдары жауап беретінін ерекше атап өткен жөн. Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін қалыптастыру жөніндегі жұмыстар «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңға және «Сайлау туралы» конституциялық заңға, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 2018 дылғы 23 тамыздағы «Дауыс беру үшін сайлаушылар тізімін қалыптастыру, оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидаларын бпекіту туралы» қаулысымен реттеледі, - деді Азамат Айманақұлов.


