Бейнетінің зейнетін көріп отырған бүгінгі зейнеткерлер–кешегі күні 95 жылдығы тойланған аудан тарихын жасасуға аз еңбек сіңірмеген аға буын өкілдері.
Мәліметтерге қарағанда олар ауданда екі мың жарымнан астам. Сол аға буын өкілдерінің алғы легіндегілер– туған ауданымен тұрғылас жандар.
Аудан әкімі Полымбет Хасанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов қаморлық айы аясында, Республика күні мерекесінің қарсаңында Зинеден, Исатай, Нарын ауылдарына сапарлап, ұзақ жылдар ауданның әлеуметтік дамуына үлес қосқан, ерен еңбектің үлгісін көрсете білген, бүгінде аман-сау сексен бес, тоқсан жастарына толып отырған ардагерлерді мерейтойларымен құттықтады.
Алдымен Зинеден ауылында болған аудан әкімі мен ардагерлер ұйымы төрағасы Атырау облысы мен Исатай ауданының Құрметті азаматы, ІІ, ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы ордендерінің иесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығы иегері Жұма Құсайыновтың шаңырағында болып, 90 жасқа толу мерейлі жасымен құттықтады.
Сондай-ақ, осы ауылда тұратын Әдемі Садығұлова әжейдің үйіне де аялдаған олар ол кісіне торқалы 90 жасымен құттықтады. Дүниеге он перзент әкеліп, ұрпағына саналы тәрбие беріп, елдің ықыласына бөленіп отырған ардақты әжей: – Жастар аман болсын деген тілек айтам, айналайын. Өнерлерің үстей берсін, еліміз тыныш болсын, ауылымыз көркейе берсін, Қазақстанымыз жайнап, жас ұрпақ көбейіп, білімді болсын, жақсы болсын, біз солардың қызығын көре берейік,-деген аналық алғысын білдірулі.
Исатай, Нарын ауылдарына жалғасқан сапар барысында сегіз баланы өмірге әкеліп, әрқайсысының өмірден өз жолдарын табуына жол сілтеген 90 жасқа толған исатайлық Мағзум Сиғуатоваға, ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосып, қарапайым еңбек адамының үлгісі бола білген нарындық Алтын алқа иегері Бақыт Қыдыралинаға да құрмет көрсетіліп, ізгі ниет жолданды.
– Жоспарланған шараға сәйкес ауданымыздың Зинеден, Исатай, Нарын ауылдық округтерінде 90, 85 жасқа толған төрт ардагерге барып, олармен кездесіпц, келген жастарымен құттықтап, сый-сияпатымызды жасап, құттықтауымызды тапсырдық. Бұл ертеңгі Республика күні сынды еліміздің басты мерекесі таяп қалған сәттегі үлкендердің елімізге, оның тынышытығы мен дамуына, ынтымақ-бірлігіне деген ыстық ықыластарын да сезіне түскен сәт болды. Мұндай шаралар басқа округтерде де жалғасын табатын болады,-деді бізге аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Жансих Маштахов.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР