Құрт ауруы түбімізге жетіп жүрмесін!

Жалпы бұрынғы көнекөз қариялармыздың айтуына қарағанда,қазақтарда құрт ауруы деген бұрын болмаған көрінеді. 

Тек беріректе, яғни, отызыншы жылдардың басынан бастап қазақтар арасында түрлі аурулар пайда болған. Соның ішінде,әсіресе құрт ауруы қаптап кетіп, сол аурудан ағайындарымыз жаппай өле бастаған. Бұл бүгінгі күнде жария болған әлемдік билік құралының құпия жүйесінің шындығы. Осы шындықтың құрбаны болған ұлттар да аз емес. Сол дәуірді қазақ ұлты да бастан өткізген. Әйтпесе қазақтың ғана ұлттық дертіне айналған құрт ауруының қазақ даласында ғана жаппай белең алуы тегіннен-тегін емес шығар.

Құрт ауруы алтын жұлдызымыз Шоқанды да алып тынғаны тарихтан белгілі. Алайда үшкіріп-түшкіріп жүре беретін қазақ бұған аса мән бермейді де. Оған бола дабыл қағып, кеңірдегімізді жыртып жатқан біріміз жоқ. Байқасаңыз бұл – ұлттың кеселі. Қазақтың тамырына балта шабуы да ықтимал. Әйтпесе түу шетелден бәленбай қаржы қараптан-қарап бөліне ме?! Бәрін қойып сөзімізді салмақты ету үшін нақты дәлел мен дәйекке көз жүгіртейік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер шарының әрбір үшінші тұрғыны туберкулез микробактериясы инфекциясын жұқтырады. Жыл сайын әлемде 8 миллион 400 мың адам туберкулезбен ауырып, 2 млн. адам өмірімен қоштасады екен. Ем қабылдамайтын әpбip науқас 10 адамнан 15 адамға дейін ауруын жұқтырып үлгереді десек, дүниежүзінде әрбір минут сайын 1 адам осы кеселдің құрығына ілігіп жатады. Бірақ инфекцияны жұқтырғандардың 5-10 пайызының ағзасында ғана туберкулез бактериялары дамуы мүмкін. Республикамыз бойынша туберкулезге шалдыққандардың жетпіс бес пайызы 20 мен 40 жас аралығындағы адамдар екен.

Сол секілді біздің ауданда да соңғы кездері аудандық мемлекеттік бас санитарлық дәрігері С.Ғабитованың айтуынша, туберкулезбен аурушылық азаймай отырған көрінеді. Мәселен, өткен жылы туберкулезбен аурушылықтың 18 жағдайы тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, бес пайызға өскенін білдіреді. Сол 18 сырқаттың 10-ы өкпенің ыдырау сатысындағы таяқша бөлуші. Ол барлық аурудың 27,7 пайызын құрайды. Өткен жылы туберкулезбен 1 жасөспірім ауыр-ған. Ал биылғы жылы 3 мұғалім, 1 балабақша тәрбиешісі, 2 студент, 1 әскер қатарына шақырылушы тіркелген. Барлығы да таяқша бөлушілер санатына жатады.

Сондай-ақ күні бүгіндері Қамысқала ауылдық округінен -1,Тұщықұдық ауылдық округінен-4 бала туберкулезбен ауырады. Бірақ олар әлі күнге ошақтан бөлектенбеген. Флюорографиядан өтпегендер арасынан-2, өкпедегі кез-келген қалдық іздерімен есепте тұрғандар ішінен -13 адам қайтадан науқастануда. 11 баланың ата-анасы сәбилерін ектіруден бас тартса, биыл оның саны 63-ке жеткен.

Шынында да біз дәрігерге ауруымыз әбден асқынған соң барып қараламыз. Былайша айтқанда, «қолды мезгілінен кеш сермейміз». Бұрынғы әдетке басып, өз білгенімізбен ем-дом қолдану ауруды асқындырмаса, бетін бері қарата қоймайды. Қарапайым жөтелгеннің өзінде аузымызды біріміз жапсақ, екіншіміз бұны ескермейміз де. Кейбір науқастардың арасында «иттің майын, борсықтың майын ішсем, құлан-таза айығып кетемін» деген қате түсініктің де бар екенін несіне жасырамыз.Олар ата-бабаларымыз ит етін жемей-ақ қымыз бен шұбат ішіп, аурудан құлан таза айыққанын қайдан білсін.

Көбіне бұл дертке шалдығатындардың тұрмыс жағдайлары – ауыр. Күнін зорға көріп, айлығы шайлығына жетпейтіндерді тауып алатын ауру. Тамағы бірде тоқ, бірде аш, жұмысы жоқтар жиі шалдығады. Қазақтардың саны жағынан көп екендігіне келгенде лепіреміз, көпіреміз. Жарайды. Солардың тең жартысы болмаса да, біршамасы осы ауру «құшағында».

Әлеуметтік жағдайы әлжуаз топтар осы ауруға тез шалдыққыш келеді. Неге? Себебі аурудың жұқпалы түрі иммунитеті төмен адамдарға лезде орнығады. Ішіп-жем тамағы, көңіл-күйі қалыпты жағдайда қалыптаспаған адам ауру жұқтырмағанда қайтеді?!

Сонымен бірге немқұрайлылығымыз қаншама рет сан соқтырса да, жүрдім-бардым қарайтын әрекетімізден әрі арыла алмай келеміз. Науқасты оқшаулауды оғаш көреміз. Біз ауруханадан шықсақ болды. Той-томалақ пен садақалардан қалмаймыз. «Қаншама ай ауырып жатты, көңілі бір көтеріліп қалсын»,-деген ой ғой баяғы бізді құртатын.

Алайда бір ғана адамның көңіліне қарамай, қасындағылардың жайына да жайбарақаттық танытпауымыз қажет емес пе?! «Жұғады деген өтірік, көңілге алмаса болды». Біз айтатын сөздер осымен төркіндес. Жоғарыдағы бас санитар-дәрігерден біз тағы да қазақ туберкулезден толықтай айығу үшін не істеу керек?,-деп сұраған едік.

Сонда ол:

-Туберкулезбен ауырып қалмау үшін денені шынықтырып, спортпен үнемі шұғылдану керек.Таза ауа да демалған дұрыс. Егер бір бөлменің есік-терезесін ауа өткізетін саңылау қалдырмай қымтап, туберкулездің жұқпалы сатысындағы бір адамды және сап-сау үш адамды қамап қойса, үш адам-ға инфекцияның жұғуы мүмкін. Ал далада, таза ауада, терезесі ашық көлікте, ғимаратта инфекцияның жұғу қаупі азаюы мүмкін. Сондықтан қай адамда жеке бастың гигиенасын дұрыс сақтап жүрулері тиіс,-деген болатын.

Бұл дертке бір рет шалдық қандар тағы бір мәрте тұзағына түсіп жатады. Себеп неде? Дәріні үздіксіз емес, үзіп-үзіп қабылдайды. Жоғарыда айт-қанымыздай, ағза көтере бермейтін дәрілер адамды ауырсынуға жеткізеді. Не де болса, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» абзал. Ұлтқа қауіп төндіретін кеселді қалай да ауыздықтауды әсте естен шығаруға болмайды.Туберкулезге қарсы шараларды одан әрі үдетпесек, құрт ауруының түбімізге жететін түрі бар.

Тағы бір айтар нәрсе – туберкулезбен күресу тек қана диспансердің, ауруханалардың, медицина қызметкерлерінің жұмысы деп қабылдауды қою керек тәрізді. Әр адам өз денсаулығы үшін алаңдағанда, жергілікті жерлерде басшылар осы дертпен күреске ден қойғанда ғана көп болып жеңу мүмкіндігі туады. Сондықтан туберкулез емделетін ауру екенін, одан дұрыс-тап емделген жағдайда ғана, құлан-таза айығып кетуге болатынын айтқым келеді.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521