Өрт сөндірушілердің өзіндік дәстүрі бар

Қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар, алдыңғы буынның үлгі-өнегесін кейінгілері жетілдіре жүрген, қызметке соңынан қабылданғандарына соны дәріптей білген ұжымдар ауданымызда да жоқ емесі сүйсінерлік.

Солардың бірі, тіпті, бірегейі десе де болатыны – Исатай аудандық №6 өрт сөндіру бөлімі. Сонау 1977 жылы аудан қайта құрылған әзірде алдымен жасақталып, содан берідегі жылдарда жал-ғасын тапқан бұндай жақсы іске ұйыт-қы болғандар – бұрындары осында басшылық қызметте болған Құспанов Бердеш, Құрманов Мәди, Дүйсекенов Сейтжан, Қыдыралин Бейімбет сынды азаматтар екенін қазіргі жетекшісі Шахабаев Серік те алдымен айтып қалды. Тұтас алғанда 25 жыл осы салада тер төгіп, соның 10 жылында ұжым тізгінін ұстап келе жатқан ол әріптестерінің ынтымақ-бірлігі қалыптасқан өзіндік дәстүрдің өзегі екенін тілге тиек еткен. Айтса айтқандай, ұжымдағы 25 қызметкердің өз міндеттеріне мығымдығын олармен жүздескеннен-ақ тани түсердейсің. Ауылдастардың өмір қауіпсіздігіне өз үлестерін қосумен жүрген жандар негізінен төрт бірдей қарауыл бөлімшеге бөлініп, құрамында 6 адамы бар әрбірі 24 сағаттан кезекшілік атқарады. Бұл уақыт олардан қандайма қалыптасқан жағдайға сақадай-сай тұруды талап етеді. Қарауыл бастығынан бастап өрт сөндіруші де, жүргізуші де, радиобайланысшы да мұны ең басты міндет санайды.

Сондықтан да олар - тәулік бойына босаңсуды білмейтін жандар. 72 сағаттан соң қайталанып отыратын осынау тірлікке бәрі де әбден төселіп бол-ған. Бұған әлгінде айтқан ынтымақты тірліктің де қосары көп. -Жалпы біздің ұжым әскери құқық қорғаушылар қатарына жатады, мемлекеттік қызметкерлерміз. Қазір ұжымдағылардың алды 12-13 жыл осында тер төгіп келе жатқандар. Алдыңғы буынның өнегелі ісі кейінгіге сабақ болмағын да ұмытпаймыз. Сондықтан қазірде қатарда жүрген жиырмаға жуық ардагерлерімізді үнемі болмағанымен, кәсіби мерекелер кезінде, басқа да кейбір қуанышты сәттерде арнайы шақырып, жүздесіп отырамыз. Олардың айтқан тілек, білдірген ұсыныс, қосқан пікір, берген кеңестері жастарымызға да сабақ.

Қазірде қатарымызға қосылған Шайхым Ақжол (радиобайланысшы), Мұғайсов Жарас, Сәбит Бекет (өрт сөндірушілер) секілді жас мамандарымыз да сенім биігінен көрініп жүр. Басшыдан білгеніміз, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүретін ұжым мүшелері тазалық сенбіліктеріне де бір кісідей атсалысып тұрады екен. Спорттық жарыстарда оза шауып жүргендері де жоқ емес. Мәселен, кір тасын көтеру, армрестлинг сияқты спорт түріне жақын жүргізуші Шахуов Нұрғали, білек күшін сынаудан шет қалмайтын өрт сөндіруші Шамаров Әділбек сайыстарға әр уақыт қатысып келеді. Өткен жылы аудан аумағында орын алған 24 өрт оқиғасы дер ке-зінде ауыздықталса, осы жылдың өткен уақытында тіркелген 8 өрт те уақытылы өшірілсе, бұл ұжымның негізгі еңбек көрсеткіштерінің бірі деуге болады. Ал басты талап – өрт оқиғаларын болдырмау, оның алдын алу десек, ұжым мүшелері тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізуді талап тұрғысында атқаруда екен. Сол үшін олар аудандық газетпен де тығыз байланыста, олардың осы мақсаттағы мақала, хабарлары басылым бетінен жиі көрініс тауып жүргеніне көпшілік куә болса керек. Айтқандай, бізді ұжым мүшелері ауданның төл басылымын түгелдей алдырып оқитындары сүйсінтті. Олардың 5-уі үстіміздегі жылға тұтас жазылған болса, қалған 20-сы жылдың екінші жартысына түгелдей жазылып қойыпты. Өрт сөндірушілерге арнайы ат басын бұрып барғанымызда білген мәліметтеріміздің бірі де осы болды. -Төл басылымды әр уақыт оқып отырамыз, бұл да ұжымдағы қалыптасып қалған бір дәстүр. Оның алға қарай да жалғасын таба беремегіне сенімдімін,-дейді Серік Шахабаев. Біз де аудан айнасының тұрақты оқырмандары болып табылатын осы бір ұйымшыл ұжым қызметіне тек сәттіліктер тіледік.

Жоламан Дәулетияр, Әбілмажан Шарапиденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521