ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

 

Соңғы жылдары елімізде табиғи және техногендік қауіптердің салдарын барынша азайту, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз ету және ауылдық елді мекендерді қорғау деңгейін арттыру бағытында біраз жүйелі жұмыс жүзеге асырылып келеді. Соның бір жарқын көрінісі – бүгін Тасшағыл ауылында жаңадан №17 өрт сөндіру бекеті ашылды.

Модульдік технологиямен қысқа мерзімде салынған аталмыш өрт сөндіру бекетіне 13 штат бірлігі беріліп, «УРАЛ-5557» маркалы АЦ – 6,0-40 екі өрт сөндіру көлігімен, көліктерге арналған ангармен, байланыс құралдарымен және жедел ден қоюға арналған қажетті барлық затпен, кезекші бөлмесімен, жеке құрамға арналған үй-жаймен, оқу залымен, ас үймен жабдықталған. Өрт сөндіру бекеті Тасшағыл ауылдық округі аумағын және округке жақын орналасқан Көздіғара, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерін де өртке қарсы қорғауды қамтамасыз етеді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Нұрлан Жаңабаев, аудан әкімі Қанат Әзмұханов, депутаттар, бөлім, мекеме басшылары, азаматтық қорғау саласының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты шараны құттықтау тілекпен ашқан төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов: 

 

 

– Төтенше жағдайдар министрлігінің басты ұстанымы – ауыл тұрғындарын төтенше жағдайлардан қорғау үшін заманауи және қолжетімді жағдайлар жасау. Осы мақсатта бүгін Тасшағыл ауылында облыс әкімдігінің қолдауымен жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып отыр. Өрт сөндіру бекеті халықты төтенше жағдайлардан қорғап, тиімді жұмыс жасау үшін маңызды міндеттерді орындайды. Бекет заманауи техникамен және барлық қажетті құралдармен толық қамтылып, құтқарушылардың тиімді әрі жайлы жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасалған. Бұл ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар әр ауылда жалғасын табады. Құтқарушыларымыз өз борышын абыроймен атқаратынына сенімдімін. Жаңа бекеттің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! - деп символикалық кілтті №17 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бауыржан Жәрдемғалиға салтанатты түрде табыс етті.

 

Бұдан соң сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен азаматтық қорғау саласының ардагері Мақсот Карин жаңадан ашылып жатқан нысанның маңыздылығына тоқталып, ғимаратты салып берген төтенше жағдайлар министрлігіне және аудан аумағында орын алған өртті сөндіру, боранды күндері далада қалған жолаушыларды құтқару, көктемгі су тасқыны кезінде күні-түні тынымсыз еңбек етіп, елді-мекендерді қорғап қалған құтқарушыларға  алғыстарын жеткізсе, одан әрі  салтанатты түрде ғимараттың лентасы қиылып, ауыл әжелері шашу шашты. Жаңа нысанның ішін аралап, танысқан соң Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және шара қонақтары жаңа өрт сөндіру бекетінің аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.

 

Заманауи өрт сөндіру бекетінің ашылуы тек қалаларды ғана емес, ауылдық аумақтарды да қамтитын азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы кезекті қадам болды. Ендеше, жаңа нысанның аудан халқының қауіпсіздігі жолында жасар жұмысы көп болсын демекпіз.

 

Бауыржан САҚТАСЫНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT