Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаев ауданымызда болып, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ ғимаратында мұнайшылармен және Н.Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде Тұщықұдық ауылының тұрғындарымен кездесті.
5-маусымда өтетін референдумның маңызын түсіндірген халық қалаулысы Президент Қ.К.Тоқаевтың наурыз айындағы халыққа Жолдауында түбегейлі саяси реформа жасау жөнінде қозғағанын тілге тиек етті. Мәжілісменнің айтуынша Конституцияға бұған дейін де өзгерістер енгізілді. Бірақ ол өзгерістер Президенттің өкілеттіктерін күшейтіп берген. Алдағы референдумның ерекшелігі елді демократияландыруға, Президенттің кейбір өкілеттіктерін шектеп, билік құрылымдарының арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
-Ұсынылып отырған өзгерістер Парламенттің рөлін күшейтеді. Бұрын партия құру үшін көптеген адамнан дауыс жинау керек болатын, ол енді үш есеге азайтылады, партияны тіркеу жеңілдетіледі. Депутаттар бұрын тек партиялық тізіммен сайланса, енді өзін-өзі ұсынушыларға да мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде, заңға сауатты, білімді, елдің ішінде абыройы бар, халықпен тығыз қарым-қатынаста жүрген белсенді азаматтардың депутат болуына жол ашылады,-дейді ол.
Сондай-ақ кездесуде депутаттарды сайлау жөнінде түсіндіріп өтті. Жаңа өзгеріс бойынша Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы қазақстандықтардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады. Ал, облыстық мәслихат депутаттарының 50 пайызы партиялық негізде, 50 пайызы тікелей сайлау арқылы, аудандық мәслихат депутаттары түгелдей тікелей дауыс беру арқылы сайланады.
-Біз бұған дейін басқа аудандарда да халықпен кездесіп, пікірлестік. Ата заңға енетін өзгерістерді түсіндірдік. Жалпы тұрғындардың басым бөлігі қолдау білдіріп жатыр,-дейді Сәлімжан Нақпаев және Ата заңға өзгеріс енгізу түбегейлі саяси реформаның жүзеге асуы үшін жасалып жатқан алғашқы қадам екенін алға тартты.
Кездесуде Мәжіліс депутаты тұрғындардың Жайық өзені, «Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысы жөнінде қойылған сауалдарға да жауап берді.
Нұрболат НҰҒМАН