С.Шәпкенов: «Жол құрылысына қоғамдық бақылау күшейтілуі тиіс»

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ауданымызда болып, түске дейін Қамысқала, түстен кейін Аққыстау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. 

Алдымен Президент Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен кездесу форматы өзгергенін, елімізде қоғамды демократияландыру үшін түбегейлі өзгерістер орын алып жатқанын тілге тиек етіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

i

Х.Ерғалиев ауылында өткен кездесуде зейнеткер Ибатолла Сәтенов ауылға саябақ салуды, сонымен бірге жерлесіміз, белгілі суретші Табылды Мұқатовтың көрмесін, жерлестерімен кездесуін ұйымдастыруды және Исатай ауданының Құрметті азаматы атағын беруді ұсынса, Мемлекеттік қызметтің ардагері Бекболат Мусин ауылды көгалдандыру мәселесін қозғады.

i

– Бұл мәселені бұрыннан көтеріп келеміз. Соңғы кезде біздерге «жол құрылысының басталуына байланысты шаңды басу үшін каналдарымыздан көп мөлшерде су алынады, су тапшылығы болмау үшін бұл жобаны «Атырау-Астрахан» тас жолы біткесін қолға аламыз» деген жауап алып жүрміз. Бірақ зерделеп қарасақ, тұрғындар ауласында тал егіп жатыр, азын-аулақ жандықтарын ұстап отыр, қалай айтқанда да тұрмыстық қажеттіліктеріне таза ауызсуды пайдаланып отыр. Соның салдарынан ауызсуға белгіленген лимитті тиімсіз пайдалануға тап болып жүрміз. Біз керісінше, каналдың суын емес, таза ауызсуды үнемдеуіміз керек емес пе? Сондықтан жазғы су құбырын тарту жобасы кейінге қалдырылмауы керек, - деді.

2

Осыған ұқсас мәселені ауыл тұрғыны Әлібек Айбатыров та қозғады. Ол жазғы су құбырын бірден тарту мүмкіндігі болмаса, ауыл ішіндегі көшелерді әр жылға бөліп жоспарлап, біртіндеп жүргізуді ұсынды.

img_6533

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жазғы су құбырын біртіндеп жүргізу ұсынысын қолдады және бұл жобаны тиімді жүзеге асыруда ауыл әкімдері маңызды рөл атқаратынын айтты.

- Кейбір көшелерге жазғы су құбыры қажет емес болуы да мүмкін. Осындай жағдайлардың бәрін ауыл әкімдері анықтау қажет, - деді ол.

Жиында әуелден айтылып келе жатқан жол құрылысы жөнінде де мәселе қозғалды. Тұрғындар Жол құрылысының кешігіп жатқанына наразы және биыл жұмыс толығымен аяқталатынына күмәнмен қарайтындарын жасырмады.

Мердігер мекемелердің жұмысын сынға алған облыс әкімі Серік Шәпкенов жол құрылысына қатысты ұстанымын ашық айтты. Оның мәлімдеуінше, бірінші кезекте жолдың сапасына көңіл бөлінеді. Кейде мердігер мекемелер міндеттеріне салғырт қараған жағдайда заң жүзінде жауапкершілікке тарту жұмыстары жол құрылысы уақытының созылып кетуіне әсер ететін көрінеді.

- Уақытты созып аламыз деп жұмыстың сапасыз жүргізілуіне жол бермеуіміз керек, - деді ол.

Сонымен қатар, мердігер мекеме жұмысты тиянақты жоспарлап, тұрғындарға мейлінше қолайсыз жағдай туғызбауды назарда ұстау керек екенін айтты. Ауылдың жолын түгел күреп тастап, жұмысты аяқсыз қалдырып кетпей, ауыл көшелерінің белгілі бір бөлігін бітіріп, келесі көшелерге ауысып отырулары қажет екенін айтты. Бұдан бөлек аймақ басшысы қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде де ерекше атап өтті.

2

- Жол құрылысын салуға мердігер мекемелер өз еріктерімен тендерге қатысты, енді ешкімге міндетсінбеулері керек. Біз тиісті жұмысты талап етеміз. Бұған бәріміз атсалысып, қоғамдық бақылауды күшейтсек, жұмыстың сапасыз жүргізілуіне ешқандай мүмкіндік бермейміз. Жалпы мердігер мекемелердің «жұмысты жүрдім-бардым жасап, жауапкершіліктен құтылып кетемін» деген түсінігін жоюға жұмыстануымыз керек. Сол кезде ғана бұл жерге жауапсыз компаниялар келесіде жоламайтын болады, - деді облыс әкімі.

Кездесуде тұрғындар бұрын жоспарланып, әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан құрылыс нысандарын салуды аяқсыз қалдырмауды ұсынды. Мәселен, Х.Ерғалиев ауылының тұрғындарына спорт кешені, саз мектебі, балалар ойын алаңы қажет. 

6

Ал, аққыстаулықтар кәріз жүйесінің жобасында ауылдың орталық көшелері қамтылмай қалғанына, орталықтағы спорт кешенінің талапқа сай келмейтініне, Аққыстау орта мектебіне көп жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегеніне наразы.

Аймақ басшысы бұған дейін жоспарланған жұмыстар, құрылысы басталған нысандар барлығы да қаржылық мүмкіндіктерге қарай аяқталатынын айтты.

f

- Барлық аудандарда тұрғындармен кездесу өткізіп, ұсыныс-пікрлерді жинақтап, іс-шаралар жоспары жасақталады. Ол міндетті түрде жергілікті БАҚ-да, интернет ресурстары арқылы да жарияланады, - деді.

Сондай-ақ кездесуде іргемізден мұнай алып жатқан компанияларының ауданымыздың дамуына үлес қосатын ешқандай әлеуметтік бағдарламалары жоқ екенін де аймақ басшысының назарына берді.

e

Бұдан бөлек, тұрғындар басапанамен қамту, пошта қызметі жөнінде де ұсыныстарын айтты.

Жиыннан соң аймақ басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Нұрболат НҰҒМАН 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521