«Сайттан оқимын ғой» деп сан соғып қалмаңыз

«Заманына қарай амалы» демекші, қазір ауылдастар үшін ақпарат алудың көзі көбейіп тұр.

Бұл, әрине, өте жақсы. Десек те, оның бір ескерер тұстары да болмай қалмайтынын жоққа шығара алмаймыз. Оған себеп, өзіміз баспасөзге жазылуға байланысты тілдескен қайсыбір ауылдастардың айтқан уәждері еді. Әрине, «әркімнің өз көйлегі өз денесіне жақын», таныс-біліс үлкен-кішімен тілдесе қалғанда «Нарын таңына» жазылуды ұмыт қылмауын құнттаңқырап жататынымыз да шындық. Сондайда, бірі жазылып қойғанын, екіншісі жазылуды ойлап жүргенін тілге тиек етсе, қайсыбірі аудан айнасындағы дүниелерді сайттан оқып-біліп жататынын көлденең тартады. Бұл жерде олардың сайтымызға кіріп, керекті дүниелерін тауып, оқып жүретіндеріне біз де қуанамыз. Бірақ...

Иә, әңгіме осы бірақта болып тұр. Газет сайты негізінен жаңалықтарды жедел жариялап, оқырманның тезірек ақпараттануын көздейді. Сондай-ақ, оқырмандар үшін тартымды тарихи дүниелер, әдеби шығармалар, тосын оқиғалар да осы сайттан табылып тұрады. Алайда, газет жарияланымдарының дені онда орналастырыла бермейтінін ескерген абзал. Тіпті, онда қайсыбір материалдардың қысқаша мазмұны беріліп, болмаса үзіндісі ғана жарияланып, толық нұсқасын газеттен оқи алатындары туралы ескертіліп жататынынан оқырмандардың өздері де хабарлы болса керек. Олар, сондай-ақ, сайтта қазіргідей жаңалығы көп уақыттағы әр салада болып жататын өзгерістер, толықтырулар көрініс бермейтінін, түрлі жарнамалық бағыттағы дүниелер жарияланбайтынын да ескергені мақұл. «Көңіл-көңілден су ішеді», ауылдастың, тума-туыстың, жолдас-жораның, таныс-білістің қуаныш-қызықтарына да ортақтасып, қайғы-реніштерін бөлісе жүретін болсаңыз да аудан айнасына алдымен жазылып қоюды ескергеннің артығы жоқ.

Ертеректе болса керек, ала құмның ішінде әйелі ауырып қалып, әбден берекеті кеткен бір шопан көкеміз ұшақпен жеткен дәрігерлерге риза болып тұрып: «бір үйге бір вертолет керек екен» деген екен. Сол айтқандай, өзіңіз де оқып-біліп ойыңызға ой қосатын, басылымдар арасынан алдымен бетін ашатын, шеттен келген қонақ ауыл-ауданды біле отырсын деп алдына тосатын «Нарын таңы» да әрбір үйге керек-ақ. Ендеше, оған жазылуды ертеңге қалдырмаған жөн.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521