Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін жаңа бастамалар айтылды. Соның ішінде салық саясатын түбегейлі жаңғырту, цифрландыру үдерісін тереңдету және мемлекеттік кірістер комитетінің жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеру – елдің болашағы үшін аса маңызды міндеттердің бірі екені айқын.
Президент атап өткендей, мемлекеттік кірістер комитеті жасанды интеллект пен заманауи технологияларды тиімді қолданып, салық төлеушілерге барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты түбегейлі өзгертіп, сервистік үлгіге негізделген жаңа жүйе қалыптастыруға жол ашады. Мұндай өзгерістер әділдік пен ашықтық қағидаларын нығайтып қана қоймай, салық жүйесіне деген сенімді арттырады.
Жаңа Салық кодексі тек техникалық өзгерістермен шектелмей, ел азаматтарының санасында адалдық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруы аса құнды бастама деп есептеймін. Әрбір кәсіпкер мен әрбір азамат салық төлеуді міндет қана емес, ел дамуына қосқан үлесі деп қабылдайтын кезеңге жетуіміз қажет.
Президентіміз айтқандай, адал еңбекпен табыс тауып отырған азаматтардың мүддесін қорғау – мемлекеттің басты парызы. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, жаңа инфрақұрылым салу, әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту және ең бастысы, еліміздің өркендеуіне бағытталған әділ шешімдер қабылдау деген сөз.
Фатима ТӨЛЕЕВА,
Атырау облыстық мәслихатының депутаты