Атырауда басталған халықаралық ғылыми симпозиумның екінші күні бүгін тікелей Сарайшықта жалғасты. Кеше ортағасырлық қаланың тарихи мұрасы мен зерттеу әдістемелері жайы кеңінен талқыланса, бүгін шетелдік және қазақстандық ғалымдар көне қоныстың нақты нысандарын аралап, археологиялық жұмыстармен танысты.
АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстаннан келген мамандар алдымен жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының барысын көрді. Стратиграфиялық қабаттарды зерделеу нәтижелері таныстырылып, «Сарайшық» сапар орталығының жаңартылған экспозициясы көрсетілді.
Шетелдік сарапшылар қалашықтағы ғылыми-зерттеу мен реставрация деңгейіне жоғары баға берді. Анкара университетінің профессоры Мухаррем Чекен Сарайшықтағы археологиялық әдістемелердің халықаралық талаптарға сай екенін атап өтті.

«Сарайшықтағы қазбалар – Еуразия кеңістігіндегі өркениеттер тоғысының нақты дәлелі. Мұнда қолданылып жатқан ғылыми тәсілдер халықаралық стандарттарға сай әрі үлгі боларлық», — деді ол.
Симпозиум барысында «Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Олжас Шариязданов қалашықта жүргізіліп жатқан реставрациялық жобалар туралы баяндап, қазіргі инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының жай-күйін таныстырды. Қатысушылар үшін қалашықтың сақталуы мен қайта жаңғыруына бағытталған бастамалар ерекше қызығушылық тудырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Сарайшықты қорғау, сақтау және насихаттау бағытында соңғы жылдары маңызды қадамдар жасалғанын айтты. Оның ішінде Жайық жағалауын бекіту, жаңа экспозициялық залдар құру және жыл сайынғы археологиялық қазбаларды заманауи технологиялармен жалғастыру жұмыстары бар.
Сарайшықтағы жұмыс күні симпозиумға қатысқан ғалымдарға көне қаланың құрылымын өз көзімен көріп, жаңа ғылыми пайымдауларға негіз болар тың деректерді жинауға мүмкіндік берді.
А.МҰРАТҚЫЗЫ

