Исатай және Махамбет аудандарының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Әнуарбек Зайдоллаұлы - ұлттық құндылықтарымызды насихаттау ісінде өзіндік үлесін қосып келе жатқан байырғы белсенді тілшілеріміздің бірі.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін ұзақ жыл партия, кеңес, кәсіподақ салаларында жемісті қызмет атқарған, көпті көрген, көкірегі тұнған шежіре, аузы дуалы, парасатты зиялы қартымыз көбінесе газет бетінде қоғамымыздағы көпшілікті толғандырып жүрген, ой елегінен өткен өзекті мәселелерді көтерген тұшымды мақалаларымен халықтың ілтипатына бөленіп жүрген жан.
Өзінің айтуынша, жергілікті баспасөзбен тығыз байланыс орнатқалы ағамыз газеттерге 50-ден аса мақала жазған екен. Оның көпшілігі өткен жылдың аяғында «Ағатай» баспасынан шыққан «Сарғайған ізім жатыр баспасөзде...» атты кітабына енгізіліпті. Автордың «Дүниені не бұзады?», «Жан дүниеміз жұтаңданып барады», «Қылмыскердің аты-жөнін жасырғаннан не ұтамыз?», «Шағын мемлекеттің іргесі шайқалмасын», «Асқанға-тосқан», «Жариялылық - уақыт талабы», «Баю - басты мұрат емес» атты мақалалары кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Ендеше, мақаламыздың соңында жұрттың көкейінде жүрген мәселелерді қозғаған ардагер ағамыздың кітабын оқысаңыздар, өкінбейсіздер дегім келеді.
Аяпберген САЛИХОВ