Сауатсыз амалдың сауабы да кем

Бірер сүресі бар адамды дін маманы көретіндер аз емес қазір. Әсіресе, «шариғаттан бір нәрсе білсем» деп емес, басымызға іс түскенде имам, молда іздейтін әдетіміз.

Ал сол молданың өзін таңдап, талғай білу де діни сауатты қажет етеді. Әйтпесе, бір-екі сүре мен төрт-бес дұға жаттағанның бәрі бірдей жаназа намазын оқуға жарай бермейді. Жаназа – мұсылман адамның ақтық сапарға аттанар алдында оқылатын намаз. Оның да өз шарттары, міндеттері бар. Ал қазіргі күні ауылдарда молдалық қызметте жүрген азаматтар өз міндеттерін толығымен атқара алып жүр ме? Бұл бір қарағанда, қарапайым нәрсе болып көрінгенімен, өте күрделі мәселе. Өйткені, бұның арғы жағында ақыреттік адамның жағдайы һәм аманаты тұр.

Шариғат тілімен айтар бол-сақ, жаназа намазын оқудың үкімі – парыз кифая. Ол дегеніңіз, бұл рәсім жасалмаса, яғни, мұсылманға жаназа оқылмаса, оған сол жердегі бүкіл мұсылман күнәлі болады деген сөз. Асыл дініміздегі бұлжымас қағидалар сөйдейді. Осыдан кейін бұл жұмысты кейінгі қатарға қоя аласыз ба? Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жергілікті өкілдері қаралы үйдегі діни рәсімдерді реттеу бағытында жұмыстарды қолға алып келеді. Өткен бейсенбіде «Иманғали» мешітінің наиб имамдары Мұрат Мұстафаев пен Еламан Бегалиев іссапармен ауданымызда болды. Аудандық «Зинеден ата» мешітінде ауыл молдаларымен кездескен дін мамандары бұнда діни рәсімдерді атқарып жүрген азаматтардың сауатын тексеру, оларға түсінік беру мақсатында келіпті. Басқосуда Атырау қаласынан келген қос имам мен аудандық мешіттің бас имамы Бейбіт Ағыбаев молдаларға шариғи сұрақтар қойды.

Аудан бойынша қаралы үйлердегі діни рәсімдерді атқаратын оншақты молда бар екен. Бірақ, олардың түгелге жуығының арнайы діни білімі жоқ. Оған осы жиында көз жеткіздік. «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев молдалармен жеке-жеке тілдесіп, сауалдар қойды. Сұрақтар аса күрделі емес, керісінше, кез келген намазхан білуі тиіс болған қарапайым мәселелер. Өкінішке орай, ол сауалдардың өзінен толық жауап ести алмадық. Тіпті, кей молдаларымызды күніге бес уақыт оқылатын намазды бастардағы «Сәнә» дұғасының өзі сүріндіріп жатты. Сенім (ақида), құлшылықтың сыртқы сипаты (фиқһ), Пайғамбарымыздың өсиеттері мен қылған амалдары (хадис) сынды мәселелерді айтпағанда, Құран оқу ережелерінің (тәжуид) өзінен тосылып жатқан молдалардың сауатына сарапшылар төмен баға берді. Тіпті, бір адамнан басқалары Құранды арабша жүргізе де алмады. – Бес уақыт намазын жақында бастаған жас баланы әкеліп, осы сауалдарды қойсаңыз, мүдірмеуі мүмкін. Қазір кез келген намазхан адам Құранды өз ережесіне сай оқи алады. Оған тырысқан адамға да мүмкіндік зор. Сондықтан сауаттану керек, - дейді Мұрат Мұстафаев. Содан соң молда дегеніңіз «оқы» дегенде оқып, «тоқта» дегенде тұра қалатын Құран оқушы ғана емес, ол елге үлгі-өнеге көрсететін, ақыл айтатын, нақыл айтатын, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыя жүретін адам екендігін де айта кеткен дін маманы, ол үшін ең бірінші білім керектігін атап өтті. Сондай-ақ, кез келген адамның өз еркімен діни рәсімдерді атқара алмайтынын айтқан облыстық мешіттің өкілі ауыл молдаларын ауданның бас имамынан дәріс алуға, білмегендерін үйренуге шақырды. - Молдаларымыз мешітімізге келіп, оқып, үйренсе, бірізділік болар еді, - дейді «Зинеден ата» мешітінің наиб имамы Шалқар Дәулетханұлы. - Әйтпесе, көпшілік жерлерде діни рәсімдерді шариғат талаптарына сай деңгейде өткізбек болсақ, ауыл адамдарының наразылығына тап болып қалып жатамыз. Олардан «бұны бізде былай істемейді, сендер өз өңірлеріңнің дәстүр-салтына сай жасап жатсыңдар» деген реніштерді көп естиміз. Мәселен, мәйіт жерге түскенге дейін Құран оқылмауы тиіс. Ал молдалар оқи береді екен. Осындай қайшылықтарды көргендер мешіт қызметкерлерінің пікірімен келісер емес, - дейді ол. -Қазіргі заман – білім заманы. Сондықтан, қай істі де өзінің заңдылығына сүйеніп атқарған дұрыс, - деген «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев ауыл молдаларының кез келген діни рәсімді ауданның бас имамының рұқсатымен ғана атқарулары керектігін ескертті. Ол үшін жоғарыда айтып өткендей, молдалар аудандық мешіттен белгілі бір деңгейде білім алулары керек. Кейбір алыс ауылдағылар аудан орталығына қатынаудың қиынға соғатындығын айтады. Ал, ауданның бас имамы Бейбіт Ағыбаев бұндай жағдайда жергілікті округ әкімінің рұқсатымен сол ауылдан бір орын белгілеп, қысқа мерзімді дәріс беруге болатындығын жеткізді.

-Осы басқосудағы барлық мәселені облыс бойынша өкіл имам Батыржан Берденұлына жеткізетін боламын және бірер ай көлемінде айтылған мәселелердің нәтижелерімен танысу мақсатында аудандарыңызға тағы бір келу жоспарда бар, - деді жиынды қорытындылаған Мұрат Мұстафаев. Мешіт қызметкерлері молдаларға жұма намаздарына қатысып, сонда айтылатын уағыздарды үнемі тыңдап, көпшілік жерлерде содан түйгендерін айта жүрулерін де құлаққағыс қылды. Негізі, жұма намазына бару үшін молда емес, мұсылман ер адам болсаң, сол жеткілікті. Оны да жете ұғыну үшін діни сауат керек. Ал, өзіңде сауат болмай, өлім-жітімнен сауап жинаймын деу - әурешілік.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521