Атырау қаласындағы Береке ауылында жаңа Конституция жобасына дауыс беруге арналған республикалық референдумға байланысты тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиында қоғамдық кеңес төрағасы Берікқали Сәрсенғалиев жаңа Конституция жобасының қоғам үшін маңызына тоқталды. Сенат депутаты Әлібек Нәутиев конституциялық реформалардың мазмұны мен негізгі бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Жиында сөз алған адвокат Айдос Ибраймов жаңа Конституцияның ең басты ерекшелігі ретінде құжаттың мазмұндық және идеялық жаңаруын атады.
– Әсіресе 3-бапта айқындалған мемлекет қызметінің негізін құрайтын қағидаттар ел дамуының жаңа бағдарын көрсетеді. Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету секілді базалық ұстанымдармен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту, білім мен прогресс құндылықтарын орнықтыру, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру сияқты бағыттардың нақты көрініс табуы Конституцияның стратегиялық сипатын күшейтеді. Конституциялық деңгейде адам капиталына басымдық берілуін де ерекше атап өтер едім. Білім, ғылым және инновацияның мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танылуы қазіргі заман талаптарымен тікелей байланысты. Зияткерлік меншіктің заңмен қорғалуы ғылыми жаңалықтарға, жаңа идеялар мен технологияларға жол ашатын маңызды құқықтық кепіл. 86-бапта адвокатураның азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын іске асырудағы рөлі нақты айқындалған. Бұрын конституциялық кеңістікте негізінен сот пен прокуратура институттары басым көрінсе, енді адвокатураның енгізілуі құқықтық тепе-теңдікті нығайтатын қадам ретінде бағаланды. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтарын жан-жақты қорғау тетіктерін күшейтіп, әділеттілік қағидатын нақтылай түседі, — деді адвокат.
Кездесу барысында тіл мәселесіне қатысты нормалар да талқыланды. Мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның құқықтық және қоғамдық маңызы сөз болды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деген қағиданың мемлекет тұғыры мен бірегейлігін айқындайтын іргелі норма екені айтылды. Ал орыс тілінің ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылуы көпұлтты қоғам жағдайындағы өзара түсіністік пен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету тетігі ретінде қарастырылды. Заң талаптарына сәйкес, әр азаматтың мемлекеттік органдарда өзі білетін тілде түсінік беруге құқылы екені де сөз болды.
Саламат Мұқашев атындағы «ATYRAU POLYTECHNIC» жоғары колледжінің директоры Бағыт Шеркешбаева Конституциялық өзгерістердің әлеуметтік мәніне назар аударды.
– Білім беру саласының өкілі ретінде білім, ғылым және инновацияның мемлекеттік басымдық ретінде айқындалуы аса маңызды қадам деп білемін. Адами капиталды дамыту елдің ұзақ мерзімді дамуының басты кепілі – ой-өрісі кең, жауапкершілігі жоғары, заң мен тәртіпті құрметтейтін азамат қалыптастыру. Бұл тұрғыда Конституциялық нормалар жастарға берілетін мүмкіндіктер мен ғылымның даму бағытын нақтылайды. Сонымен қатар білім беру жүйесінің зайырлы, бейтарап әрі баршаға тең болуына ерекше мән берілді. Әр баланың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға тең құқылы болуы – әлеуметтік әділеттіліктің маңызды көрсеткіші ретінде бағаланды. Білім мен ғылым кеңістігінің өзара сабақтас жүйе ретінде дамуы елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Инклюзивті білім беру мәселесі де кеңінен қозғалды. Конституция жобасында әр азаматтың білім алуға құқығына ерекше мән берілуі ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады, — деді Бағыт Кеңесқызы.
Сонымен қатар жиында саяси партия өкілдері де өз ойларын ортаға салды.
– Еліміз бүгін тарихи өзгерістер кезеңіне қадам басты. Алдағы ондаған жылдарға бағытталған маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Соның ішінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын бекіту – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісімді қалыптастырудың нақты көрінісі.
Respublica партиясы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға белсенді түрде қатысып келеді. Біз үшін ұсынылып отырған жоба – азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қатынас моделі.
Ұсынылып отырған Конституция жобасы еліміздің іргелі негіздерін сақтайтыны аса маңызды. Унитарлық құрылымның өзгермейтіндігі, аумақтық тұтастықтың мызғымастығы, егемендік пен тәуелсіздікті нығайту бағытындағы қағидаттар негізгі құндылық ретінде қала береді, — деді Respublica саяси партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Өтебаев.
Кездесу барысында экологиялық жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалмады. Табиғатқа ұқыпты қараудың әр азаматтың ортақ міндеті ретінде қарастырылуы өндірістік өңір үшін айрықша маңызға ие екені айтылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру болашақ мамандарды даярлаудың маңызды бөлігі ретінде бағаланды.
Жиынға қатысушылар алдағы референдумның маңызын атап өтіп, Конституцияға өзгерістер енгізудің бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асуы халық еркін білдіретін демократиялық тетік екеніне тоқталды. Жалпы, кездесуде Жаңа Конституция жобасының мазмұны жан-жақты талқыланып, оның мемлекет пен қоғам дамуына ықпалы кеңінен сөз болды.
Алмас ҚАБДОЛ



