Шаңырақ неге шайқалады?

Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық заң бұзушылық өткір мәселеге айналып отыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде көбіне әйел адамдар зардап шегеді. Маскүнем күйеуінен үнемі таяқ жеген ананың кейбірі амалсыз құқық қорғау органдарына келіп жүгінуде.

Әлдінің әлсізге әлімжеттік қылып, басынғаны, қорлағаны қашан тоқтайды? Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әрекеттері салдарынан қаншама отбасының шаңырағы шайқалуда. Отбасындағы осындай зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жұртшылыққа хабарлау және азаматтардың құқық қорғау органы қызметкерлеріне деген сенім деңгейлерін арттыру мақсатында аудан аумағында 13-21 маусым күндері аралығында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы өтті. 

12a14eae-cc3c-4b32-963c-3b3b64208e3e

Аталған акцияға аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылып, апталықтың алғашқы күндері аудан көлемінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, аудан орталығын қамтитын көшелерге, сауда орындарына, азық-түлік дүкендеріне акцияның тақырыбымен байланысты сенім телефондары көрсетілген билбордтар мен плакаттар орнатылып, тұрғындар мен кәсіпкерлік нысан иелеріне «Отбасылық-тұрмыстық зорлықтың құрбаны болмау үшін не істеу керек?» тақырыбындағы жадынамалар үлестірілді. 

abba8598-35fc-472e-927e-b1d2830809d9

Бұдан бөлек, кәсіпорын және мекеме ұйымдары қызметкерлерімен (білім беру ұйымдары, аурухана, кітапхана, мәдениет үйі т.б) отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу негізінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң талаптары айтылып, әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтан қалай сақтану, оның алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселеге қатысты өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Мәселен, мекеме қызметкерлерінің бірқатары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келетін басты фактор ретінде ер азаматтардың маскүнемдікке жиі салынатындығын алға тартса, енді бірқатары олардың отбасындағы жауапкершілікті сезінбеуінен туады деген пікірлерін баса айтты. Сонымен қатар, осы проблеманы шешу үшін құқық қорғау органдары ғана емес, сондай ақ, мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының күшін біріктірудің қажетті екендігі де әңгіме арқауына айналды.

289042396_747983153297463_7335504139574177084_n

Сондай-ақ апталықтың соңғы күндері полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрған отбасылар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріліп, оларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірқатар ақпараттар берілді. Акция аясында өзге де ауылдық округтер назардан тыс қалмады. Тұщықұдық және Жанбай ауылдарындағы көпшілік тұрақтайтын орындарға сенім телефондары көрсетілген билбордтар ілінді. 

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық іс-әрекеттерінің жолын кесіп, алдын алу мақсатындағы жұмыстар бұдан әрі де өз жалғасын таба беретін болады. Дегенмен шаңырақтың шайқалмауы ең алдымен әр адамның өз қолында екенін де естен шығармаған абзал. 

Мөлдір МАҒАЗОВА, 

Исатай аудандық полиция бөлімі әйелдерді

зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы,

полиция капитаны

 

 
 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521