Шегіртке көрсеңіз, хабарласыңыз

Ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне аса қауіпті шегіртке тұқымдастарына қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталып, бүгінгі таңда сала мамандары оның ұшу, жұмыртқа салу кезеңінде жүргізілетін мониторинг, яғни, зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруда.

Бұл кезеңде жүргізілген мониторингтің нәтижесімен келесі жылы оларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының қандай көлемде жүргізілетіні белгілі болады.

Осы салада еңбек етіп жүрген тәжірибелі мамандар шегіртке тұқымдастарының көбеюі не азаюы ауа райы жағдайларына тікелей байланысты екенін айтады. «Республикалық фитосанитариялық диаг-ностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ облыстық филиалы мамандарының болжамынша, алдымыздағы жылы зиянкестің сан мөлшері азая бастайды. Алайда, мамандар бақылауды бәсеңсітуге мүлде болмайтынын ескертеді. Шегірткелер қанаттанған кезде бірнеше шақырым жерге ұша алады. Сондықтан ауданымыз Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданымен шектесетінін ескерсек, күтпеген уақытта, күтпеген жерден шегіртке ұшып жетуі әбден мүмкін.

Биыл ауданның Тұщықұдық ауылдық округтерінің «Молшағыл» және «Бірлік» жайылымдықтарында итальян прусына қарсы 500 га жерге Имидор 20% пестицидін қолдану арқылы жермен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Тұщықұдық және Нарын ауылдық округтерінің «Айбас», «Ұштаған», «Мыңтөбе» жайылымдық жерлерінде итальян прусына қарсы 2600 га жерге Имидор 20% пестициді қолданылып, әуе арқылы химиялық өңдеу жұмыстары жүрді. Ал, Забурын ауылдық округінің «Қарабөлектегі» шабындық жерлерінде азиат шегірткесіне қарсы 800 га жер Диурон пестицидін қолдану арқылы әуемен химиялық өңделіп, биологиялық тиімділігі оң нәтиже көрсетті. Мұнымен бірге аудан көлемінде саяқ шегірткелерге қарсы «РФДжБӘО» РММ Исатай аудандық филиалы мен ауыл шаруашылығы, «ЗапКазФумигация» ЖШС қызметкерлерінің қатысуымен 600 га жерге Даклоприд пестицидін қолдану арқылы жергілікті бюджет есебінен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, оң нәтиже беріп отыр.

Қазақстан Республикасының «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңының 11-бабында: «Қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында қызметi мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау объектiлерiмен байланысты жеке және заңды тұлғалар өз аумақтарында фитосанитариялық мониторингтi жүзеге асыруға және зиян тигiзудiң экономикалық шегiнен көп зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдер анықталған жағдайда фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзуге мiндеттi» деп атап көрсетілген.

Осы талапты ескерген аудандық аумақтық инспекциясы мен «РФДжБӘО» РММ аудандық филиалы, сала мамандарының тапшы болуына байланысты, барлық жер иелері мен шаруагерлерден, жергілікті тұрғындардан қырағылық танытып, ұшқан шегіртке үйірлерін көре қалса, қай бағыттан, қандай көлемде, қалай қарай ұшып бара жатқандығы жөнінде облыстық немесе аудандық сала мамандарын хабардар етуді өтінеді. Сіздердің хабарламаңыз арқылы алдағы жылы жайылымдық және шабындық жерлеріміздің шегірткеден зардап шегуінің алды алынатын болады. Жалпы алғанда, жергілікті жердегі барша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушылар шегірткеге қарсы жұмысты сала мамандарымен бірлесіп жүргізсе ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

Қайрат АЖГАЛИЕВ,

аудандық аумақтық инспекция басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521