ШЕШІМІН КҮТКЕН САУАЛДАР

Аққыстау және Зинеден ауылдарының тұрғындары «Ауыл» партиясының мүшесі, Атырау облыстық мәслихаты депутаты Қадырбек Мағзомовпен кездесті. 

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов, «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы ісі жөніндегі комиссия төрайымы Самал Хамидуллина, Атырау қаласы мәслихатының депутаты, мүгедектердің құқығын қорғау комиссиясының төрағасы Өтеміс Боранбаев, «Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша филиалының координаторы Айдана Сатымова және аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, сондай-ақ, аудандық дербес бөлім басшылары қатысты.
Кездесуде партия өкілдері «Ауыл» партиясының қызметі мен негізгі бағыттарын түсіндіріп, алдағы жұмыс жоспарларын баяндады. 
Жүздесуде ауыл тұрғындары бірнеше маңызды мәселелерді алға тартты. Мал өткелдерінің болмауы, жол белгілерінің жеткіліксіздігі, азық-түлік және газ бен ауыз су бағасының  қымбаттауы, Қызыл үй елді мекеніне 10 шақты үй мен жол салу мәселесі, субсидияға қолжетімділіктің қиындығы секілді өзекті жайттар талқыланды.
 Аққыстау ауылының тұрғындары Ерболат Насимуллин, Жансих Маштахов, Құрманғали Мұхтаров және Зелимхан Зубариев көтерген мәселелердің оң шешімін табуына халық қалаулылары  ықпал етуі керегіне тоқталды. Алайда олар біраз уақыттан бері шешілмей келе жатқан түйткілдердің әлі күнге дейін орын алып отырғанына алаңдаушылық білдірді.
–    Мәселелерді шешуге уәде беріп, сенім білдіргенмен, нақты әрекет жасалмай жатқаны алаңдатады. Ауыл адамдарының талаптары назардан тыс қалмауы керек,-деді ауыл тұрғыны Насыр Дауылбаев.
Жиын қорытындысы бойынша партия өкілдері тұрғындардың мәселелерін бақылауға алатынын және көтерілген тақырыптардың шешілуі үшін барынша күш салатынын мәлімдеді. Бұл кездесудің нәтижелігі уақыт еншісінде. Тұрғындар елдің болашағы үшін айтылған әр уәденің іске асатынына үміт артып отыр.


 
Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT