Жалпы шомылу бассейндерінде ерлер мен әйелдерге арналған шешіну-киіну орындары, себезгі бөлмелері, санитариялық тораптар, ваннасы бар зал, персоналға арналған тұрмыстық үй-жайлар, спорт мүкәммалын сақтауға арналған қоймалар, жинау мүкәммалын, жуу және дезинфекциялау құралдарын сақтауға арналған қоймалар, әкімшілік үй-жайлар, медициналық персоналға арналған кабинет болуы тиіс.
Бассейннің жүретін жолдары, бассейннің түбі су өтпейтін материалдардан және ылғалға, тазалауға қолданылатын химиялық реагенттер мен дезинфекциялау құралдарының әсеріне төзімді болуы қажет
Бассейндерде рециркуляциялық немесе су ауыстырудың ағынды жүйесі арқылы немесе бір мезетте бассейнді дезинфекциялай отырып, күнтізбелік 7 күнде кемінде бір рет судың толық ауыстырылуы тиіс. Бассейн ваннасын дезинфекциялау су ағызылғаннан кейін және дезинфекциялау құралдарымен екі рет шаю әдісімен ваннаны механикалық тазалау арқылы жүргізіледі. Активті хлор ерітіндісін жаққаннан кейін бір сағат өткен соң, жылы сумен шаю қажет. Демалу, шомылу орындарында күнделікті жинау жұмыстары қажет болған жағдайда, үзіліс кезінде айналма жолдарды, еденді, орындықтарды, кілемшелерді, есік тұтқаларын дезинфекциялау талап етіледі.
Шомылудан кейін жағымсыз салдардың алдын алу үшін қарапайым жеке гигиена ережелерін сақтауымыз керек, яғни бассейнге түскенге дейін және кейін душ қабылдау қажет.
Сондай-ақ, су айдындарында шомылуға тыйым салатын арнайы ақпараттық белгілерге мұқият назар аударуымыз керек!
Субұрқақтарда шомылуға рұқсат етілмейді, өйткені субурқақтардағы су залалсыздандырылмайды және санитариялық талаптарға сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, әртүрлі жарақаттар алу қаупі де бар.
Шомылу және демалу үшін арнайы шомылу орындарын таңдаған дұрыс, өйткені олардағы су бақыланып отырады. Бұл әртүрлі инфекцияларды (тырысқақ, менингит, паразиттік аурулар, ӨІЖ) жұқтырудың алдын алады және денсаулығыңыз туралы алаңдамай демалуға кепілдік береді.
Г.Б.Бисенбай
Исатай аудандық СЭББ басшысының м.у.а