Әскери қызметшілердің жалақысы өседі

 

Қазақстанда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында әскери қызметшілердің жалақысын арттырудың екінші кезеңі іске асады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жаңа кезең шеңберінде офицерлік құрамның жалақысы тағы 23 пайызға өссе, қатардағы және сержанттық құрам үшін бірінші кезеңде белгіленген деңгейден қосымша 10 пайызға арттыру көзделіп отыр.

Қорғаныс министрлігі ұсынған ресми деректерге сәйкес, жалақыны көтерудің алғашқы кезеңі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асқан. Нәтижесінде офицерлік құрамның еңбекақысы орта есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамның жалақысы 33,9 пайызға өскен. Сонымен қатар бұрын жойылған далалық төлемдер жүйесі қайта енгізіліп, әскери қызметтің ерекшеліктерін ескеретін қосымша әлеуметтік тетіктер іске қосылды. Бұл өзгерістер әскери қызметшілердің материалдық жағдайын жақсартуға және олардың қызметтік ынтасын арттыруға бағытталған.

Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – тұрғын үймен қамтамасыз ету саласы. Бұл бағытта да айтарлықтай ілгерілеу бар. 2025 жылғы 17 қарашадан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметшілерге арналған арнайы ипотекалық өнімдерді іске қосты. Атап айтқанда, бастапқы жарнасы 20 пайыз болатын «Әскери баспана» бағдарламасы қайталама тұрғын үй нарығынан баспана сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама бойынша алдын ала қарыздың пайыздық мөлшерлемесі жылына 18 пайызды құрайды, ал тұрғын үй құнының 50 пайызы жинақталған жағдайда ол 5 пайызға дейін төмендейді.

Сонымен бірге «Наурыз әскери» бағдарламасы іске қосылып, әскери қызметшілерге бастапқы жарнасыз жаңа құрылыстан пәтер сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл ипотекалық өнім бойынша Астана мен Алматы қалаларында қарыздың ең жоғары сомасы 36 миллион теңгеге дейін жетсе, басқа өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін белгіленген. Ал бастапқы жарна 20 пайыздан асқан жағдайда қарыз сомасы 80 миллион теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Бағдарлама аясындағы пайыздық мөлшерлеме жылына 9 пайызды екен.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT