Әскери қойма ауылдардан алыс болуы керек. Арыста керісінше...

Ауған соғысы аяқталғанда ондағы әскери бөлімдердегі ірі қару-жарақ арсеналын уақытша сақтау үшін ашылған Арыстағы №44856 әскери бөлім аумағындағы қоймада не жоқ дейсіз.

Кеңестік кезеңде шығарылған алыс және қысқа қашықтыққа ұшатын ракеталар мен снарядтар, ірілі-ұсақты бомбалар мен миналар бірнеше мың тонна болып осы қоймада әлі күнге сақтаулы тұр. Әр кезеңдерде пайдалану мерзімі өткен қаруларды біртіндеп жою туралы мәселе көтерілгенімен, әрнені сылтау еткен әскерилер толыққанды жұмыстар жүргізбеген. Тіпті, қоймалар заң бойынша ауылдан 10 шақырым қашықтықта болуы көзделгенімен, шын мәнінде жеке үйлерден небары 200 метр жерде орналасыпты. Кездейсоқ болған жарылыстан бүгінгі күні қала үйлері мен ғимараттары зардап шегіп, қирауының себебі осы.

Қазіргі уақытта бұл аумақта төтенше жағдай жарияланып, қаланың 45 мың тұрғыны қауіпсіз аймаққа көшіріліп жатыр. Оқиғаның бірінші күні Арысқа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, қапа болған құалың жұртқа басу айтып, барлық қираған үйлер қалпына келтіріліп, шығындардың өтелетіндігін айтты.

Қазақ халқы қай кезде де ауыртпалыққа ұшыраған бауыры тұрмақ, басқаны да бауырына басқан мейірбан халық қой. Арыстағы жағдайға байланысты шұғыл түрде құрылған штабтар қазіргі таңда республиканың барлық аймақтарында киім-кешек, азық-түлік, алғашқы қажет құралдарды жинап жатыр. Көптеген мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар өздерінің бір күндік еңбекақыларын аударуда. Атырау қаласынан да жүк тиелген автокөліктердің алғашқы легі қозғалып кетті. Қоғамдық бірлестіктер мен мешіт имамдары бұл сауапты іске барынша қолғабыс білдіріп жатыр. Ашылған арнайы есепшоттарға елдегі және шетелдегі азаматтардан демеуқаржылар түсуде.

Болған іске сабыр тілеп, артының жарасқанын қалаушы жұрттың ұрпағы болғандықтан, біз де осы мәселеден қалыс қалмай, алғашқылардың бірі болып аудандық газеттің сайтында мәселеге орай пікір білдіріп, үн қосқанбыз. Оны іле-шала қолдаған аудан тұрғындары да қазіргі кезде қаржылай, заттай көмек көрсетуге әзір екендігін білдіруде.

Аслан Мұратұлы

Сурет: ашық дерекөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521