Спорттық туризмнен жарыс өтті

0 Votes

Президентіміз елімізде туризмді дамыту қажеттігі жайлы жиі айтып келеді. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да осы мәселені назардан тыс қалдырмады. 

«Еліміздің туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді», деді Президентіміз.

Сонымен қатар, Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік барын, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін қолға алуға болатынын айтты. Ауданымызда да осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр.

Ағымдағы жылдың қазан айының 3-4-і күндері Кудряшов ауылдық округіне қарасты «Петухов» тоғайында «Бүкіләлемдік туризм күні» мерекесіне орай, облыстық білім беру ұйымдарының арасында жарыс өтті. Оған Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров, Кудряшов ауылдық округінің әкімі Бахтияр Вахитов, облыстық білім беру басқармасы, балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының мамандары Асылхан Какенов пен Қуаныш Шариполлаев қатысып, жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Спорттық-туризм бағытындағы жарыста Жылой, Махамбет, Индер, Исатай, Құрманғазы аудандары сайысқа түсті.

Екі күнге созылған жарыстың қорытындысымен «Туристік техника» бойынша І орын Құрманғазы, ІІ және ІІІ орындар Индер мен Жылыой аудандарына тиді. Ал, «Садақ атудан» индерліктер мергендігімен ерекшеленіп І орын алды. Қалған екі орын Құрманғазы мен Исатай аудандарының еншісінде. Тағы бір қызғылықты ойын «Картамен объектіні табуда» құрманғазылықтар алғырлығымен көш бастап, бірінші орыннан көрінді. Екінші, үшінші орындар жерлестерімізді өкшелеген Индер мен Махамбет ауданынан келген қатысушыларға бұйырды. «Арқан тартыста» исатайлықтар басым түссе, екінші орын Жылыой ауданына бұйырды. Құрманғазы, Махамбет, Индер ауданының командалары үшінші орынға тұрақтады. Жалпыкомандалық жүлделі бірінші орынды Құрманғазы, екінші орынды Индер, үшінші орынды Махамбет командалары жеңіп алды.

Туған жеріміздің сұлу табиғаты аясында қызықты да тартысты өткен жарыстың жеңімпаздары грамоталармен, дипломдармен марапатталды. Президентіміздің Жолдауын жергілікті жерде жүзеге асырып, туризмді насихаттау бағытында көңілді сайыс өткізіп жатқан ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың шеберлігіне тәнтіміз. «Қандай үлкен іс те кішкене нәрседен басталады», дегендей, осындай шаралар арқылы туризм дами түсері анық.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT