Сұлулықтың ғажабы мен азабы

Сән үлгілері күн санап емес, сәт санап өзгеріп барады.

Батыста не жаңалық шықса, соны жапсыра қоймаққа жұртшылық құмар, әсіресе жастар қауымы. Соның салдары болар, бүгінде батыстық мәдениетке дағдыланып, жасанды сұлулыққа жаппай көшіп бара жатқан секілдіміз. Қазақы болмыстан біздің де қыздарымыз ажырап қалмаса болғаны.

Ұлтымыз қыз баланы ізеттілігімен, сыртқы бет-пішінімен, киім киісіне қарап бағалаған. Киімін қоя тұралық, бүгінде бет-әлпетін өзгертіп, бәле болып жабысқан батыстық дерттің нәтижесінде аруларымыз басты көркінен айырылып бара жатқандай. Сан түрлі кейіпке енетін, шынайылықтан жұрдай болған сылқымдар ұлттық болмыстағы қыздарымыздың орнын басты. Соңғы сәнге назар салсақ, қыздардың батыстық мейкап арқылы қысқа уақыт ішінде керемет сұлу атануы тіпті, сөз емес. Қаланың кез келген бұрышынан кездестіруге болатын арнайы орталықтар бойжеткендердің сүйікті мекеніне айналды. Макияж, маникюр, депиляция, ботокс секілді әдістер әп-сәтте мінсіз көрінер сұлуға айналдырып жібереді. Бірақ, көркі көзді қуатқанымен, жасандылығы жанға дәру бола алмайды.

Кешегі Баян сұлу аруларымыздың қазақы болмысы жоғалып та кетті. Күн сайын кірігіп келе жатқан, шетелдің сән үлгілері іші бауырымызға еніп үлгерді. Қалың бояуымен қалың жұртшылықты жылтыраққа қызықтырғандар енді аруларымызды жасанды тән сұлулығына үндеуде. Қолда барды бағаламай, бұйырмаған сұлулыққа ие боламын деп жасалған тәуекелдің арты орны толмас өкінішке ұласып кетпесе деңіз.

Мамандардың айтуынша, ота жасатушылардың жартысынан көбі - өз сұлулығына көңілі толмайтындар. Олар бірінші, қабаққа қатпар салдырту, бет терісін жаңарту, мұрын, ерін, құлақ пішінін өзгерткілері келеді. Одан кейін беттің әжімін тарту мен төс бездерін үлкейту бар. Бірақ, ота жасатылған соң, сұлулықтың да артынша машақаты көп. Күтім өз дәрежесінде орындалмаса, сұлулыққа талапкер тіпті бұрынғы сырт бейнесіне де зар болып қалуы әбден мүмкін. Пластикалық хирургияның ойыншық емес екендігін бел ортасында жүрген мамандар да жоққа шығармайды.

Сұлу болған жақсы-ау, бірақ, кейде көшеден кей қыздарымыздың ажарын көріп, оның жас шамасын да анықтай алмай қалатынымыз бар. Сондықтан, ерте жастан косметикаға жақын болғаннан гөрі күтімге назар аударып, ботокстың да, басқаның да «көмегіне» жүгінбегеніміз жақсы емес пе? Айтпағымыз, сұлу болу үшін ақыл-естен айырылудың қажеті жоқ. Әйелдің бәрі әдемі!

Айкөркем Нұрғалиқызы,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 3 курс студенті

Сурет: ашық дереккөзден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521