СЫНҒА ТҮСЕР СЫНАҚ

Зинеден ауылдық округі әкімдігіне үміткерлер арасында  Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/198 санды «Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес пікірсайыс ұйымдастырылды. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен бұл іс-шараға қоғамдық ұйым және  саяси партия өкілдері, ауыл тұрғындары, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Губашевтың айтуынша, бұл – ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отырған пікірсайыс.

– 2 ақпан күні өтетін Зинеден ауылдық округі әкімі сайлауына тіркелген үміткерлер Айгүл Адилова, Ербол  Есмағила және Оралбек Купбергенов өзара пікірсайысқа түсті. Іс-шараның мақсаты – үміткерлердің белсенділігін арттыру, олардың жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ сайлаушыларды дауыс беру процесіне тарту. Пікірсайыста үміткерлердің үгіт-насихат кезеңінде кестеге сәйкес сайлаушылармен кездесіп, «Есіктен есікке» акциясы аясында қарттар мен ұжымдарға барып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырумен қатар, округтегі шешімін таппаған мәселелерді терең зерделегенін байқадық. Мұндай тәжірибе алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деп атап өтті төраға.

Үш кезеңнен тұратын пікірсайыста алдымен үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Ал екінші кезеңде үміткерлер бір-біріне сұрақ қою арқылы өз ұстанымдарын білдірсе, соңғы бөлімде ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Тікелей эфирде көрсетілген бұл пікірсайыста әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан көптеген өзекті сұрақтар қойылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мен шағын бизнесті дамыту, жұмыссыздықты жою, ауыз су және канал мәселелерін шешу, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық қызметтерді жақсарту мәселелері көтерілді.

Пікірсайыс жергілікті тұрғындардың мәселелерін ашық түрде талқылауға мүмкіндік берді. Аудан тарихында алғаш рет өткен бұл іс-шара сайлаушылардың саяси мәдениеті мен белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА.

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT