Құт қонған құнарлы мекен - Забурын

Биылғы жылы батыр атымен аталатын ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толады.

Елбасы атап көрсеткендей, бүгінде сана сезімімізді қасаңдықтан арылтып, рухани жаңғыра отырып, елді мекендеріміздің өткен тарихын зерделеу, одан болашаққа сабақ алу, жас буынға заман ағысының сатыларын салиқалы түсіндіру міндеті маңызды екені сөзсіз. Осы орайда ауданымыздағы «Забурын» аталатын елді мекенін ерекше атауға болады.

«Забурын» атауы ертедегі жазбаларда да кездеседі. Қазақшалағанда «ықтасын» немесе «қамысты шоқылардың ар жағы» деп те түсінуге болады. Егер тарихты әріден бастайтын болсақ, атақты жыршы Мұрат Мөңкеұлы өзінің «Сарыарқа» дастанында Алтын Ордадан бергі жерді жырлағанда «бұл жерден дін мұсылман жеті кетті, біреуі екі келіп, екі кетті, көшкен жұрт жетеу емес, алтау еді, біреуін екі санап, жеті етті» дейді. Бұл жерден бір рет кетіп, Сауран айналып, екінші рет қайта келген жұрт - қазақтар болатын. 1578-1580 жылдары, яғни, Грозный патша Астраханды алғаннан кейін Жайық өзені бойы, теңіз жағалауы түгелдей орыс патшалығының қолына көшіп, су бойын Дон, Кубань беттен босып келген казактар иеленді. Олар бірте-бірте жергілікті халықты су бойынан қуалап, ығыстыра бастады. Есесіне, өздері өзен бойын мекендеп станицалар салды. Оларға орыс патшасы 1591 жылы «патшаны тыңдамағандарға қарсы күресушілер» деген атақ берді. Мұнымен де шектелмей, патша ағзам «Жайық казактарының балық аулайтын өзен-көлдерінен башқұрттар мен басқа да орыс емес ұлт өкілдерінің жуықтап ау салып, мал суаруы, тоғайларынан отын шабуы, пішен дайындауларына тыйым салынсын. Тіпті, теңіз жағасына 40 шақырымға дейінгі жақындауына мүмкіндік берілмесін» деген пәрмен беріп, ол 1734 жылғы 6 наурыздағы 2962 санды грамотамен заңдастырылды. Бұл тәртіп XIX ғасырдың басынан теңіздің терістік бетіне түгелдей иелік еткен князь Юсупов пен граф Безбородько тұсында да өз күшін жойған жоқ. Патшаның өзінен пәрмен алып қос өзен арасын толық мекендеуге көшіп келген Бөкей ханның да билігі теңіз жағалауына жүрмеді. Ұзақ уақыт теңіз жағалауы байлығын жеке дара билеген Юсупов пен Безбородько кімдер еді?

Николай Борисович Юсупов - XIX ғасыр басындағы Ресей патшасы I Павлдың Европада ұзақ жыл бірге оқыған досы болса, Александр Андреевич Безбородько - Екатерина патшайымның өзінен кейін тағына немересі I Александр отыруына жазған өсиетін I Павлға тауып беріп, өртеп жіберуге, сөйтіп, оның патша болуына көмектескен адам. Сондықтан да бұларға көп ешкімнің тісі батпады.

Қазақтардың теңізге шығып, балық аулауында біз тарихтан қанша жағымсыз кейіпкер ретінде танысақ та, XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, Адай руының және теңіздің терістік бетінің басқарушысы болған Қарауылқожа Бабажановтың еңбегі зор екенін мұрағат құжаттары айғақтайды. 1826 жылдың 17 қыркүйегінде Николай патша оған Арал мен Каспий жағалауына жасаған экспедицияға қосқан үлесі үшін әскери капитан шеніне сай келетін есаул атағын берсе, шекара комиссиясы теңіз өңірінің халқына сырттан көтерме сауда мен астық сатып алып, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлік куәлік сыйлап үлкен жауапкершілік жүктеді. Сөйтіп, ол қарауындағы қазақтардың қыстап шығуы үшін помещиктер Юсупов пен Безбородькодан жерді жалға алып, ол үшін келісім шарт пен ақы төледі. Ең бастысы - Қарауылқожа 1832 жылғы жұттан кедейленген қазақтарға Ресей үкіметінің шешімімен Юсупов иелігіндегі аумақтан балық аулауға жер алып берді. Аталған дәстүр одан әрі жалғасып, Мақаш заманына жетті.

Қазіргі Исатай ауылынан шығысқа қарай он шақырым шамасында Көкарнаның құмға тірелген жеріндегі Қарауылтөбе тек қана Қарауылқожаның орналасқан мекені ретінде ғана емес, оның ұрпақтары 1825 жылы туған, Неплюев Кадет корпусының түлегі, кейін Талов қисымының басқарушысы болған - Көпболсынның, 1828 жылы туған, 16 жасында Жәңгірге бесінші әйел болып ұзатылып, бір жылдан кейін өмірден өткен - Салиханың, 1834 жылы туып, Жәңгір мектебін, Орынбордағы Неплюев Кадет корпусын бітіріп, Нарын қисымының билеушісі болған, Ресей География Қоғамының толық мүшесі, этнограф ғалым, 37 жасында өмірден озған - Мұхамед Салықтың өмірге келген жерлері ретінде маңызды. Мұхамед Салық Бабажановтың «Балалық шақтың жазбалары» әңгімесінде: «Біздер Забурында теңіз жағасында қасқыр қуып жүргенде аспаннан қою бұлт келіп, теңіз суын сорып алғанын көрдік, тіпті сарқыраған дауысын да естідік» деген жазбасы бар. Бұл мекенде күй атасы Құрманғазы да ат суытып, аялдамады деп айту қиын. Себебі - Жиделіден Үйшік-Маңғыстау бағытына бірнеше қатынағанда болмаса, Манаштағы қайын атасы Есенғұл Барақбай Игілік байдың үйіне Әуес апамызға ұрын келгенде Забурынға тоқтамауы мүмкін емес.

Ішкі Ордада хандық жойылғаннан кейін құрылған екі округ пен бес қисымның ішіндегі он алты болыс елді біріктірген Бірінші округ орталығы - әуелі Забурыннан батысқа қарай қырық шақырым жердегі Жанбай (Никольск) селениесінде болса, кейінгі кезде округ орталығы Амангелді ауылынан Забурынға қарай екі шақырым жердегі «Кемелі» ауылында болды. Бірінші округті 1886 жылға дейін үздіксіз он сегіз жыл Мақаш әкім басқарса, одан кейін әр түрлі мерзімдерде Әтембек Сауғабайұлы 6 ай, Молдағали Шынтаев 8 жыл, Әжіғали Шынтаев 2 жыл, Аманғали Жоламанов 11 жыл, Мұқанәлі Шынтеміров 8 ай, Қайырлы Құрманбаев 12 жыл басқарды. 1872 жылы Ішкі Орданың бағыныштылығы Орынбордан алынып, Астрахан губернаторлығына берілді. Осы кезден бастап теңіз байлығын игеруге бұрынғыдан да зор көңіл бөлініп, жаңадан балық аулау, өңдеу батағалары құрыла бастады. Красноярдан бері қарай «Дружинскийй», «Малый Дружинский», «Қаракөл», «Потанайский», «Михайловский», «Кокарев», «Чебарнов», «Ақ флот», «Салычин», «Кузнецов», «Вершин», «Қарабас», «Герасимов», «Қызылбас», тағы басқа көптеген батағалар теңіз балығын аулап, өңдеп, Ресей қалаларына жөнелтіп отырды. Шежіре қартымыз - Ғатих Маштаховтың айтуынша, бірінші округ басқарушысы болған Етжемес-Құлкеш Аманғали Жоламанов 1906 жылы ағайынды Герасимовтардан «Қызылбас» батағасын сатып алу кезінде мәтіні Европада жасалған келісім шарттың ішіндегі төленбеген сома жыл сайын екі есе ұлғайып отыратын шартына мән бермей, көп сома қарыз болады. Қарамағындағы он алты болыс елдің бірінші жылы бес болыс Беріштер, екінші жылы тоғыз болыс Адайлар жылу жинап көмектессе де, қарыз жабылмай, Аманғали сотталып кетеді. Бұл - балық батағаларының біздің қазақтардың қолына оңайлықпен түспегендігін көрсетеді.

Забурын ауылының төңірегінде әрқайсысы 50-60 үйден тұратын «Ақ флот», «Ақай», «Бөрлі», «Көлденең», «Қаратөбе», «Қазан» тағы басқа ауылдар болған. Олар мал өсірумен қатар, бірте-бірте балық аулауға маманданып, кейіннен кәнігі балықшыларға айналды. Бүгінде осы елді-мекеннен Кіші Жүздегі барлық рулардың өкілдерін кездестірсек - ол кезінде осы жерге жан-жақтан балық аулау кәсібіне халық жиналып, кейіннен тұрақты мекендеп қалғандықтарын көрсетеді.

Бұл елді мекеннің тағы бір ерекшелігі - ең алғашқы орысша-қазақша төрт кластық мектеп те осы жерде ашылды. Оны баяндау үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. 1838 жылы Исатай өлгеннен кейін оның жесірі Несібеліні алуға талаптанушылар көбейеді. Оның ішінде Исатайға қарсы бағытқа шығып кеткен ағайыны Қаракөбен Өтепұлы да бар еді. Негізгі үміткер осы кісі болғанмен, Несібелі оған шығудан үзілді-кесілді бас тартып, алайда әмеңгерлік салттан аттай алмай, Қаракөбеннің немере інісі Сүйіндікұлы Құдайбергенге қосылады. Міне, осы некеден Қаражан, одан Алпан туған. Алпан 1900 жылы Ордадағы негізін Жәңгір қалаған төрт кластық гимназияны бітіріп келіп, әкесі Қаражанның көмегімен мектеп салып, батағаға жақын «Құрма өзек» деген жерден бастауыш мектеп ашады. Мектептің аты алғашқыда «Тоқсан арал», 1930 жылдардан бастап «Үлгі» аталады. Алпан Құдайбергенов мұғалімдердің Бүкілодақтық Бірінші съезіне делегат болса, оның ұлы Уәлит екінші съезіне делегат болып қатысқан. Исатай батырдың кенже ұлы Әлпиярдың қызы Дина (кейінгі фамилиясы Құлжұмырова) 1890 жылы туған. Ол осы мектептің алғашқы оқушысы екенін айтқан, алайда қалған тұңғыш шәкірттерді анықтау әзірге мүмкін болмады. Алғашқы жылдарғы бұл мектептің түлектері Рахметолла Жүнісбаев, Қабылғазы Досиев, Әбдірахман Мырзағалиев, Дүйсенғали Әлмұханов, Арон Аюпов, Қисым Жұмалиев, Ғабит Жүнісбаев, Әлшебек Қаматов, Ғизатолла Бекешов, Ибатолла Досымов, тағы басқалар болды.

Забурын елді мекені 1916 жылғы патша жарлығымен «Қазақтың 19-ға толған жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы» Жарлығына қарсы шығу әрекеттерімен де тарихта қалды. Жасақталған тізім тартып алынып, өртеліп, Астраханнан жігіттерді тиеп әкетуге келген кеме бос қайтқан тұста правитель Қайырлы Құрманбаевтың «енді патша қазақтан солдат алмайтын болды» деп алдауы нәтижесінде көптеген жігіттер ұсталды. Көтеріліс басшылары Өтепқали Дінбаянұлы Исатаев пен ағайыны Едіге Нарынбаевтар елдің көзін қорқыту үшін түйеге теңделіп, байланып әкелінді. Көтерілісшілерден бес адам іріктеліп, Астрахан түрмесіне жабылды. Осы дүмпуді басып, жиын өткізуге Астрахан уақытша кеңесінің жауапты өкілімен бірге тілмаш ретінде Забурынға сол кездегі Астрахан мұғалімдер гимназиясының оқытушысы Сейітқали Меңдешовтың де келгені белгілі болып отыр. Осы жылы тамыз айында Астрахан губернаторы Соколовский Ордаға келіп, қара жұмысқа қазақтардан солдат алу мәселесімен жиын өткізгенде оған қатысушы Сейітқали Меңдешов патша саясатының дұрыс еместігін, бір кездегі Әбілхайыр хан мен Анна Ионовна патшайым арасындағы келісімге қарсы екендігін айтып, сөз сөйлеген. Бұл губернаторға ұнамай, ертеңіне Сейітқали Меңдешов Астрахан түрмесіне жабылады. Бұл түрмедегілердің бәрін кеңес үкіметінің келуі құтқарып, Сейітқали кейіннен Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті төрағасына дейін көтерілсе, Өтепқали Мыңтөбеге оралып, өз ажалынан қайтыс болды. Ал, Едіге Забурын ауылдық кеңесінің ең алғашқы төрағасы лауазымына сайланды.

Мұнан кейінгі дүркіреп келген Октябрь революциясының дүмпуі де Забурынды айналып өткен жоқ. Теңіз үстімен де, қыр жолымен де Астрахан мен Гурьевтің арасындағы тірек мекені ретінде бұл жердің стратегиялық маңызы өте зор болды. Елді мекен бір күні ақтардың, екінші күні қызылдардың қолына көшкен кездер аз болған жоқ. Астраханнан Бүкілресейлік ревком мүшесі, Кировтың қолынан мандат алып, Гурьевтің шығысындағы Ұлу (ракуша) аралына орналасқан мол мұнай қоймасын зерттеу, оны ақтардың бүлдіріп кетуінен қорғауға аттанған бүгінде ерліктерін ешкім біле бермейтін, батыр революционерлер Ақтан Мұхамедиев, Ізбасар Жанекенов, Қажығали Жарқынбаевтар да Забурында жиі аялдады. Себебі, он жыл бойы теңіз үстін билеп келген, ауыл болып теңіз үстіндегі кеме зауыттарына қызмет еткен атақты Қарабас атаман Ізбасардың қайын атасы еді және ол Забурынның өкпе тұсында орналасқан болатын. Қарабас 1920 жылы ақтарды да, қызылдарды да мойынсұнбай, Ізбасардың үгітіне де көнбей, он шақты кеме мен тілеулестерін алып, бір түнде Мағыстау, одан әрі Иран асып кетті. Қызы Гүлбаршынды да өзімен бірге ала кетті. Бұл тарихты бүгінде көп адамдар біле білмейді. Ал теңіз жағалауынан 1920 жылы ақтарды түбегейлі ығыстырып, кеңес үкіметін орнатқан Ордада құрылған атты әскер полкінің жас командирі Бисен Жанекешов еді.

Ленин мен Калинин 1920 жылы 18 мамырдағы «Қазақ Автономиялық Республикасын құру туралы» қаулысына сай Москваға №2043 мандатпен Қарқарылының қазағы, Томск университетінің түлегі Әлімхан Ермеков жіберілген болатын. Ол Қазақ әскери Ревкомының Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті жанындағы өкілдігі алқасының төрағасы ретінде жанына Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Уалитхан Танашевтарды алып, республика шекарасын анықтау жөнінде Мәскеуде төрт ай жұмыс жасады. Лениннің төрағалығымен өткен комиссияда республика жағдайы мен шекарасы жөнінде баяндама жасады. Орыстар бұған дейін Астраханға қарап келген Еділ-Жайық арасын, теңіз жағалауын Ресеге алып қалуға бар күштерін салды, олар теңіз байлығынан айрылып қалғылары келмеді. Ермеков Орталық Комитеттің хатшысы Крестинскиймен бірнеше сағат айтысудан кейін, өзімен бірге алып барған Ішкі Ордада тұратын қазақтардың 88 пайыз, ал, орыстардың 12 пайыз ғана екендігі жөніндегі статистикалық мәліметіне жүгінуге мәжбүр болды. Міне, осыдан кейін ғана Лениннің әділ шешім қабылдауы нәтижесінде қос өзен аралығы Гурьев уезіне қаратылды. Өкінішке орай, осы азаматтың атын аудан елді-мекендерінің ең болмаса бір көшесіне әлі күнге бермеуіміз әділетсіздік болып келеді.

Забурында ауылдық кеңестің алғашқы төрағасы Едіге Нарынбаев болғанын жоғарыда айттық. Бұл қызметті одан кейін ұзақ жылдар Рахметолла Жүнісбаев, Сапи Қалдыбаев, Боқан Ержанов және тағы басқалар атқарды. Елді советтендіруге белсене қатысқан қарт коммунистер Қайырлы Қитаров, Арыстанғали Қайралапов, Дүйсенғали Әлмұқанов, Дина Құлжұмырова, Мәрия Бекешовалар болды. Сол кездегі республикадағы балық кәсіпшілігімен айналысатын төрт аймақтың бірі №19 «Каспий-Еділ» кейіннен «Жайық-Каспий» балық тресі құрылған кезде Забурын №30 балық кәсіпшілігі болып аталды. Теңіз үстінде бірнеше балық қабылдайтын, өңдейтін жүзбелі зауыттар (шаландар) жұмыс жасады. Жергілікті азаматтардан майталман балықшылар шоғыры өсіп шықты. Олардың қатарына «Социалистік жол» колхозының звено жетекшісі Мұрсалиев Қыдыр мен Амангелді колхозының звено жетекшілері мен балықшылары Әбілғазиев Мүти, Қарабалаев Жұмабай, Шоршыбаев Бекештерді атауға болады. Жерлесіміз Ысқақ Өтеғалиев республика Балық шаруашылығы министріне дейін көтерілді. Забурын селолық кеңесі бойынша алғашқыда «Жас буын» колхозы ұйымдастырылды, кейіннен ол «Социалистік жол», ал, Дамбы бойына көшірілгеннен кейін «Құрманғазы» колхозы аталды. Колхозды алғашқыда Хасан Сұлтанов, кейіннен Зұлқарнай Ғұмаров, Темірхан Тоқпанов, Қамеш Ибрашев, Қадим Тәжіғалиевтер басқарды. 1936 жылы қаңтарда құрылған екінші колхоз алғашқыда Ораз Исаев, кейін Амангелді Иманов есімімен аталды. Әр жылдарда колхоз төрағалары болып Доспай Төкенов, Сұпығали Дос-болов, Қожабек Дәулетияров, Жалмұқан Бермағамбетов, Қисмет Көшалиев, Қайыржан Әлиевтер істеді. 1945 жылы «Социалистік жол» колхозынан мал шаруашылығымен шұғылданатын «Қарабатыр» Амангелді атындағы колхоздан «Родина» колхозы бөлініп шықты. Колхоз төрағалары Қаракенже Баймұратов, Арон Аюпов, Ноқат Сәрсенғалиевтар болса, олар негізінен өсірген жылқы малдары көршілес Орал облысының «Қаштай», «Ақбалық» жайылымдарын жайлады. 1948 жылғы 23 шілдедегі Қазақ ССР Жоғары Кеңесі төрағасының Жарлығымен «Родина» колхозының төрағасы Арон Аюпов, ферма басқарушысы Көбен Жұмалиев, «Қарабатыр» колхозының ферма басқарушылары Тайыр Нысанов пен Мағаз Есқалиевке «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Забурындықтар «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасына қаржы жинаудан ауданда алдыңғы лектен көрінді. Майданнан 80-нен аса жауынгер оралып, бейбіт еңбекке араласты. Аудандағы ең соңғы өмірден өткен майдангер Ережеп Ғұбашев та осы ауыл тұрғыны еді. Отызыншы жылдардың ашаршылығы кезінде де, Ұлы Отан соғысы жылдарында да теңіздің балығы мен Нарын құмы құмаршығы арқасында ел ашаршылыққа ұшырамай аман шықты.

1957 жылғы 24 қарашадағы республика Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен осы ауылдан Забурын кеңшары құрылды. Оны әр жылдарда Ғатих Маштахов, Шәріп Байдолов, Жәпіш Қонарбаев, Сүндет Дауылбаев, Тұрғали Мұсағалиев, Занеш Бисенов, Қинаш Сахуалин, Мырзабай Жұмабаев, Жанай Беркалиев, Идеят Оспанов, Қуанышкерей Заманғалиевтар басқарды. Осы шаруашылықтың Забурында орналасқан №1 фермасын Қабдыжәлел Сүйінішқалиев, Ғаллам Хисметуллин, Салауат Тәкенов, Бақтығали Ғұбашев, Асқар Асанғалиев, Болат Құсайыновтар әр жылдары басқарып, мал шаруашылығын өркендетуге ерекше үлес қосты. Шопандар - Кенжеғали Қарабалин, Өмірзақ Хисимов, Қуаныш Дүйсенов, Ғайни Мұхтаров, Елен Зәйітов және тағы басқалар ұзақ жыл жоғары нәтижелерге қол жеткізсе, осы өңірден Ғилаж Айталиев, Жұма Құсайыновтар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, Мүсілім Нұрмұханов Социалистік Еңбек Ері, СОКП 25 съезінің делегаты болды. Елдің өсіп-өркендеуіне өлкедегі халыққа білім беру ісі де өз септігін тигізді. Жоғарда аталған «Үлгі» мектебін 1920 жылы ақ гвардияшылар өртеп кеткеннен кейін, ауылдың арқа бетіндегі Меңетай мешіті бұзылып, жаңадан мектеп салынды. Оған 1940 жылы Куйбышев, 1961 жылы Гагарин аты берілді. Шағын ауылдардағы «Сталин», «Калинин», «Молотов», «Социал», «Скворцов» аталған мектептер ірілендіріліп, бұл мектептерде әр жылдары Елена Николаевна Бурова, Шәміш Сүлейменов, Жұбандық Тасқарин, Қайсағали Айтжанов, Сұлтан Бисенбин, Қисым Жұмалиев, Үмбет Бисалиев, Ғилыман Хайрошов, Батырғали Жанғалиев, Жаулыбай Жаңбырбаев, Рақым Хасанов, Зұлқарнай Баймағамбетов, Қонарбай Өтегенов, Жамал Қожырова, Ғайни Қалешова, Уайыс Қайралапов, Нәзира Дәуітова, Аяпберген Панабердиев, Сәйпен Хұсынов, Өтеш Ерғазиев, Жантемір Атантаев, Бақтығали Дөкенов, Мұрат Аташев, Исатай Хидуллин, Айбатыр Бекішов сынды азаматтар басшылық жасады. Бұл мектептен білім алған Қиясиден Рахметов, Құрамыс Ермековтер – ғылым докторлары болса, Шаймерден Сариев – елге танымал суретші атанды. Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше ауданды басқарған Қапизолла Қуанышбаев, Республика ауылшаруашылығының үздік қызметкері, ауданның Құрметті азаматы Күнтуған Құрасов, еңбек ардагері, республиканың Құрметті құрылысшысы Ғаббас Хисметуллин, туралықты ту қылып ұстаған, облысқа белгілі заңгер Ғизатолла Мурсалиев, дәрігер, меценат, өнерпаз, ұлттық спорттың жанашыры Өнербек Жанбала, үшінші, екінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Уахит Әділовтар - осы мектептің түлектері.

Ел қадірлісі - аймаққа қасиеті мен шипасын тигізген Зинеден Құрасұлының да осы мекенде ғұмыр кешіп еңбек етуі, осы жерде мәңгілік мекен тебуі де жаратқанның осы елге деген көзі түзулігін көрсетеді. Ауыл бұл күнде Зинеден ағаның атымен аталады. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматтары, әке қасиетін жалғап халыққа қалтқысыз еңбек етіп, өмірден ерте кеткен Зинеденұлдары Уәлитхан мен Рысбай да осы мекенде білім алып, еңбек еткендерін айрықша атауға болады. Забурын ауылдық округі 2002 жылы өз алдына дербес бөлініп шығып, Жанбай жеке округ болып қалды. Бұл округті Болат Құсайынов, ал бүгінде Асылан Ғұбашев басқарып келеді. Бүгінде ауылда типтік жобада орта мектеп, мәдениет үйі, медициналық пункт, кітапхана, балабақша, жылыжай, бірнеше дүкендер мен кәсіпкерлік нысандар халыққа қызмет көрсетеді. Ауылға кірме жол салынып, көгілдір отын мен таза су жеткізілді. Жаңадан типтік жобамен жүз орындық балабақша салынып жатыр, теңіз жағасынан туристік бағыттағы демалыс орны құрылысы жоспарда. Құнарлы жерінен мұнай да шығатын бұл мекенде «Жайықмұнайгаз» басқармасының үлкен мұнай өндіру цехы да орналасқан. «Жамбыл» кооперативі ежелгі кәсіп балық аулаумен шұғылданады. Ауылда балық өнімдерін өңдейтін цех салынуда. Міне, ауданымыздың тоқсан жылдық торқалы тойы қарсаңында оның тарихы бай, ең ежелгі мекенінің бірінің ғана кешегісі мен бүгінгісіне тоқталдық. Елбасының салиқалы да сарабдал саясаты арқасында әр ауыл өзінің кешегісі мен бүгінін саралап, рухани жаңғырып отыруы заман талабы болып отыр. Өлке тарихының әр кезеңі бүгінгі жас-тар, әсіресе мектеп оқушылары үшін танымдық құрал болып табылады. Сан қилы тарих пен алмағайып заманды, қилы кезеңнің қиындықтарын бастан кеше отырып, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бір бөлшегі, бақуатты ауылы болып отырған кешегі Забурын, бүгінгі Зинеден ауылы ­- соның айғағы.

Жұмажан ҚАДИМОВ,

Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының Құрметті депутаты,

Исатай ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521