Төртеу түгел болса, төбедегі келеді

Тірлігінен бірлігін артық қойған қазақ халқы қай заманда болмасын ынтымағын ырысым деп білген.

Берекенің бастауы бірлік екенін жаңылмай білген бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп кейінгі ұрпаққа өшпес өсиет қалдырды. Бүгінде әлем мойындаған елдердің біріне айналып, дамудың жолындағы Қазақстанның ең негізгі ұстанымы – ішкі тұрақтылық, яғни, ынтымақ-бірлігі. Елінің тіреуі болған Елбасының көздегені де сан ұлттан тұратын халқымыздың айрандай ұйыған, жұдырықтай жұмылған ауызбірлігін сақтау екені көпке мәлім. Осы тұрғыда татулықты ту етіп, бір мақсат, бір мүддеге жұмылуда мемлекет құраушы ұлт ретінде біздің де қосар үлесіміз аз болмауы тиіс. Қазақстан халқының бірлігі күнімен басталатын мамыр айы - мерекелі сәттерге толы мезгіл.

Атап айтар болсақ, олар - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншіліктің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі – 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні, тәуелсіз мемлекетіміздің айбынды мерекесі – 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні, батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, бабалар ерлігінің қайта жаңғырар тұсы 9 мамыр Жеңіс күні. Бұл күндерді атап өту арқылы біз рухымызды жаңғыртып қана қоймай, еліміздің ертеңдері - өскелең ұрпаққа мол тәлім бере аламыз. Оларды елді, жерді сүюге үндеп, Тәуелсіздік атты ұлы ұғымды саналарына сіңіріп, елдікке, ерлікке деген құрметін арттыра түсеміз. Ендеше осындай мерейлі мерекелер қарсаңында аудан тұрғындарын құттықтап, ең алдымен зор денсаулық, таусылмас күш-қуат, мол бақыт, еңбекте жеміс, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарға шаттық, құт-береке тілейміз! Мерекелі күндеріміз көп, мерейлі сәттеріміз мол болсын!

Хожалепес ЕЛЕУСІНОВ,

«Жамбыл Петролеум» ЖШС бас директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521