Табылдының таңғажайып таңбасы

Табылды Мұқатов – осы өңірдің тумасы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, ЮНЕСКО-ның алтын медалі иегері, танымал суретші.

Таңғажайып таңба деп нені айтып отырмын? Жалпы, суретшілер қағаз бетіне барсын, кенепке болсын өзінің таңбасы – суреті арқылы өрнек салады. Табылдының ерекшелігі өте шебер жазуында (көркем етіп әріптерді таңбалау) тұр. Оның үлкен марапаты – ЮНЕСКО-ның алтын медалі осындай таңбалауына берілген баға. Осы ғасырдың бас кезінде Табылдының Алматыдағы мастерскойында болғаным бар. Сонда дауылпаз ақын Махамбеттің туғанына 200 жыл толуына орай шығатын үлкен өлең кітабын өзінің тамаша өрнекті жазуымен да-йындау үстінде екен. Сөйтіп, оның еңбегі мен таланты және шеберлігі жоғарыда аталған сыйлыққа ие болып отыр. Бұл марапатты қазақ суретшілері арасынан алған бірден-бір адам осы Табылды болса керек.

Табылды сурет өнеріне бала кезінен бейім болғанын білемін. Олай дейтінім, мен онымен 6 жыл бойы сол уақыттағы Аманкелді атындағы орта мектепте (Новобогаттағы) бір сыныпта оқып, 1964 жылы 11-сыныпты бітірдік. Мектепте қабырға газеттерін шығаратынбыз. Оның «Кірпі» газетіне салған суреттері бізді қатты қызықтыратын еді. Ал, жоғарыда айтылғандай, жазуы өте әдемі болатын.

Мектептен кейін ол Львов қаласындағы көркемсурет институтын тамамдады. Бейнелеу, сурет өнерінің қыр-сырымен жете танысты. Табылды кәсіби маман ретінде әдеби кітаптарға безендіруші-суретші болды. Ал кітаптың суретшісі болуы үшін ол кітаптың мазмұнымен жете танысып, соған лайықты сурет салуы шарт. Өзінің айтуынша, 500-ге тарта кітапқа суретші болған екен. Талантты сыныптасымның шығарма-шылықпен салған картиналары да біршама және олар әрқилы тақырыпты қамтиды. Жалпы қазақ сурет өнерінің атасы – Әбілхан Қастеев десек, одан кейінгі Молдахмет Кенбаев, Қанапия Телжанов, Айша Ғалымбаева, Орал Таңсықбаев, Сахи Романов сияқты танымал қылқалам шеберлері көпке белгілі. Табылды да солардың ізін басқан шебер. Нарын құмындағы Орпа елді мекенінде туған Табылды шығармаларында бала кезінен көңіл түкпіріне орнығып қалған сәттер мен ауыл өмірі көрініс табады. Жуырда өзінің туған жерінде өскен ортасы қазіргі Х.Ерғалиев ауылында ауылдас-тарымен кездесуі болып, ол аудандық газетте жазылды. Сонда мектеп бітіріп кеткеннен кейін ауылдастарымен, өнерді құрметтейтін жерлестерімен алғаш рет кездесіп отырғанын, жалпы, туған жеріне келіп жүргенімен, бұл кездесу ресми түрде ұйымдастырылып отырғандығын және облыс орталығындағы Ш.Сариев атындағы өнер музейінде көрмесі ашылатындығын айтқаны бар. Мен суретші сыныптасымның көрмесін көрейін деген құштар көңіл жетегінде Атыраудағы музейге әдейі бардым. 50 шақты майлы бояумен салынған картиналары, графикалық суреттері қойылған екен. «Құмаршықтың наны», «Тораңғы және үй» атты картиналары сол құм өңірінің тіршілігін көз алдыңызға анық әкеледі. Махамбет пен Рақымжан Отарбаевтың портреттері дәлдігімен, шынайылығымен ерекшеленіп тұрды. «Өз ұлын, өз ерлерін елемесе, ел, әсте, қайдан білсін кемеңгерін» деп жазған екен Ілияс Жансүгіров.Сол айтқандай, руханиятқа үлкен үлес қосып жүрген танымал суретші жерлесіміз Табылды Мұқатовты да ескеріп, ауданның «Құрметті азаматы» атағын берсе, өнері мен еңбегіне деген үлкен баға, шынайы құрмет, жерлестерінің ыстық ықыласы болмас па еді бұл?!

Ибатолла СӘТЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Х.Ерғалиев ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521