Табысы аздарға – көмегі көп

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" аталынған халыққа Үндеуінде негізгі бес бағыт көрсетілген.

Соның ішінде екінші бастама жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту болғандығы белгілі.

Екінші бастамаға кеңінен тоқтала кетсек, ол әлеуметтік мәні зор үлкен мәселені, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуды көздеді. Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтатын әдіс - 1 пайыз ғана салық салу ұсынылды. Сөйтіп, ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету көрсетіліп, салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет делінді. Нәтижесінде еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болды. Еліміздің Үкіметіне аталған бағытта табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеу қажеттігі тапсырылды.

Иә, енді, келер жылдан бастап аталған салық жүктемесін азайту қолданысқа енгізілсе, сөз жоқ, табысы аз азаматтарға көп жеңілдік болары сөзсіз. Бұл - қарапайым жұмысшылар мен қызметкерлер үшін қосымша қолдау.

Биыл айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2405 теңгені құрайтынын ескерсек, бұл талап 60125 теңгеге дейінгі мөлшерде айлық алатындарға қатысты. Мәселен, 50 мың теңге алатын қызметкерден ұсталатын табыс салығы 1672 теңгені құраса, келер жылдан бастап ол 167 теңге ғана болмақшы.

Жалпы алғанда, Елбасының бұл бастамасы жалақысы төмен азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Ал, олардың үлесі барлық жұмыс жасап жүргендердің үштен бір бөлігін құрайды. Сонымен бірге аталған бастама "конверт" арқылы жалақы төлеу әдісін жояды. Жалдамалы жұмысшылардың көлемін жасыру арқылы салықтан жалтарушыларды «тасадан шығаруға» және өз шаруашылығын жасап, табыс табатындардың кәсібін заңдастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетуіміз керек, табыс салығы мемлекеттің салық жүйесінің айтарлықтай бөлігін құрайды. Сондай-ақ, ол әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге өзіндік ықпалы бар тетік саналады.

Нұржан КАБДУЛОВ,

аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521