Өткен жұма күні аудандық кеңестің кезектен тыс мәжілісі болды. Онда тұрғындар тұтынатын электр тоғы тарифінің өсуі және ауданда электр қуатымен қамтамасыз етудің жайы жөнінде кеңес мүшелеріне «Атырау Жарық» АҚ Исатай сату учаскесінің басшысы Бақытжан Алпысбаев түсінік берді.
Жалпы, Мемлекет басшысы 2022 жылғы халыққа Жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасын ұсынып, жаңа тариф саясатына көшу қажеттігі туралы айтқаны белгілі.
2023-2029 жылдарға жоспарланған жоба – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселені шешіп, желілерді қайта жаңартуға және қызмет сапасын жақсартуға негіз болмақ екендігіне тоқталған учаске басшысы бұл жөнінде біраз мағлұматтар берді, аудандық газетте де осы жөнінде мақала жарық көргенін айтып өтті.
– Ендігі жерде әңгіме – үш деңгейлі тарифті тұрғындардың жете түсініп алуларына қол жеткізу,- деді Б.Алпысбаев оның газет бетінде жарық көргенін, тариф деңгейлері туралы сонда толыққанды түсінік берілгенін тілге тиек етіп.
Тұрғындардың міндетті түрде мекен-жай анықтамасын алуы (ЦОН-нан), сонымен бірге 14 жасқа дейінгі балалардың туу туралы куәліктерін бірге апаруды құнттауы керек. Осының өзі тариф төлемінің бағытсыз есептеліп кетпеуіне, былайынша айтқанда «қалталарына салмақ салмауына» септігін тигізері кәміл.
Сондай-ақ ол тұрғындардың тоқ есептегішті тексерушілердің өз жұмыстарын атқаруына, яғни көрсеткіштерді уақытында алуына мүмкіндік жасауларын сұрайтынын да жеткізді, туындаған сұрақтарға жауаптар берді.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР