Таңдау кезегі - қамысқалалықтарда

Биылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулерге қол қойып, ол өзгерістер аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізуді көздеген болатын.

Сайлау заңнамасына сәйкес, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің және ауылдық округтің әкімін халқы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жасы жиырма бес жас-тан төмен емес Қазақстан Рес-публикасы азаматын төрт жыл мерзімге қызметке сайлайды. Осы жылдың шілде айында біздің ауданымызда Аққыстау ауылдық округі әкімі осы жаңа заң бойынша халықтың таңдауымен сайланғаны белгілі.

Ендігі кезекте ауданның Қамысқала ауылдық округі әкімінің  өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты  биылғы  қараша айының 7-і күні аталған ауылдық округ тұрғындары өз әкімдерін сайлайтын болады. Бұл сайлау науқаны туралы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданып, сайлау науқанының күнтізбелік жоспары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сай  қабылданып, аудандық әкімдіктің интернет сайтында жарияланды және аудандық «Нарын таңы» газетінде беріліп отыр, алға қарай сайлау науқаны туралы хабарлар осылайша жарияланып тұратын болады.

Бұл сайлауға, яғни, Қамысқала ауылдық округі әкімдігіне үміткерлер ұсыну қазан айының  9-нан басталып, 22 қазан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Үміткерлерді ұсыну «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 113-3-бабына сәйкес жүргізіледі. Ұсынылған үміткерлерді тіркеу тиісті мемлекеттік органдарынан заң талаптарына сәйкестігі анықталғаннан кейін 27 қазан күні аяқталады. 28 қазаннан бастап 6 қараша аралығында үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары жүргізілетін болады.

Сайлауға тек қана Қамысқала ауылы аумағында тұрақты тіркелген азаматтар ғана қатынаса алады.

Сайлаушылардың тізімі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның  талаптарына сәйкес мемлекеттік дерекқордың негізінде жасақталып, сайлауға 20 күн қалғанда сайлау учаскелеріне табысталады, сайлауға 15 күн қалғаннан бастап сайлаушыларға өздерінің тізімде бар-жоғын және өздері туралы деректердің дұрыстығын тексеру үшін ұсынылады. Әрбір сайлаушы өз сайлау учаскелеріне барып, өздерінің тізімде бар-жоғын және  өздері туралы мәліметтердің дұрыстығын тексере алады. Қамысқала ауылдық округі әкімінің сайлауы «Қазақстан Республи-касындағы сайлау туралы» Конституциялық  заңның талаптарына сай  жүргізілетін болады.

Осылайша Қамысқала ауылдық округі тұрғындарына өз әкімдеріне  таңдау жасауға мүмкіндік беріліп отыр. Олардың сол мүмкіндіктерін пайдаланып, сайлауға белсенділікпен  қатысатынына  сенеміз.

 Сәбит МЕҢДІБАЕВ,

 Исатай аудандық аумақтық

 сайлау комиссиясының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521