АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешіміне қатысты пікір білдірді
— Менің ойымша, базалық мөлшерлеменің 1,25%-ға, яғни 15,25%-дан 16,5%-ға көтерілуі Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Мұның негізгі үш факторы бар. Біріншіден, жаһандық турбуленттілік. АҚШ-тың жаңа президенті бірқатар шешім қабылдады. Біз соған бейімделуіміз керек. Әсіресе оның мұнай бағасын төмендету туралы ұраны маңызды, бұл біздің бюджетке тікелей әсер етеді. Сондықтан біз инфляцияны тежеуіміз керек. Екіншіден, былтыр мамыр айында Мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуге бағытталған. Мұның бәрін көріп отырмыз. Үшіншіден, Үкіметтің қосымша құн салығы шегін 20%-ға дейін көтеру туралы ұсынысы инфляциялық күтудің артуына әкелді, — деді Расул Рысмамбетов.
Сарапшының ойынша, тарифтік саясатты да, ҚҚС құрылымын да қайта қарау қажет.
Сонымен қатар, спикер 2025-2026 жылдарға арналған ұзақ мерзімді жоспарларды қайта қарауды ұсынды.
— Мұнайға осындай белсенді шабуыл және ҚҚС-ға байланысты инфляциялық күтулер болмағанда, жағдай әлдеқайда тұрақты болуы мүмкін еді, — деді сарапшы.
Расул Рысмамбетов қазір әлемде болып жатқан жағдайды ешкім алдын ала болжай алмайтынын тілге тиек етті.
— АҚШ, Еуропа, Канада, Мексика және Қытай арасындағы тариф соғысы — бұл жаһандық экономиканың бір бөлігі ретінде біз бастан кешіп жатқан жаһандық өзгеріс. Шын мәнінде, біз жаһандық тариф соғысының басталғанына куә болдық. Мұнай өндіруші мемлекет болғандықтан, оның барлық салдарын міндетті түрде сезінеміз. Сондықтан кейбір жоспарларды қайта қарау қажет, менің ойымша, бұл мәселелердің барлығы талқыланатын үлкен жиын болады, — деп қосты ол.
Осыған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергені туралы жазғанбыз.