Тәуелсіздік - бабалар аманаты

Дәл осындай атаумен Жанбай балалар саз мектебі ұжымы мерекелік концерт қойды.  

Әлемді жайлаған пандемия елдің қай саласына болмасын әсер еткені анық. Қысылтаяң шақта оқуларын онлайн жалғастырған бұл өнер ордасы да қайта жанданып, шәкірттерімен қауышып қызмет қыла бастады. Енді міне, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында кезекті рухани шарасын да өткізді. Бұл жолғы тарту ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Шара Жанбай саз мектебі ұстаздары ансамблінің орындауындағы Сүгірдің күйі «Ыңғайтөкпен» ашылды. Осы құраммен Құрманғазының күйі «Көроғлы» да орындалды. Саз мектебінің оқушысы Мажитова Асылай Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлем» әнін тарту етті. Кейін саз мектебінің «Қызғалдақ» бишілер тобы қазақ, орыс билерін мың бұрала биледі. «Нұрсұлтан - бақыт ордасы» атты би флэшмобы да әдемі кешке көрік бергендей.

y

Ал, тізгінді алған домбырашылар да ұлттық өнерді құйқылжыта насихаттады. Жантөренің «Шалқымасын» жас маман, домбыра сыныбының ұстазы, түрлі аудандық, облыстық, рсепубликалық конкурстардың жеңімпазы Мирас Махмуд шеберлікпен тартса, оқушылар Төремұрат Диана Асылбек Еңсеповтың күйі «Балбұлақты», Сәкенқызы Айлана халық күйі «Ел айрылғанды», Бекет Асылер Айтқали Жайымовтың күйі «Шаттанамынды» орындады.

Ал, термеші ұстаз Перизат Сапаева шәкірттері Аяулым Болат, Азиза Жеткіншекқызы, Ұлдана Бейсенбі және Аружан Айболатқызымен бірге халық әндері топтамасын нақышына келтіре шырқады.

Сырнайшылар да өз өнерлерін белсенді түрде ортаға салды. Анығында, оқушылар Зарина Тұрлыбек Сүгірдің «Бозінген», Бекарыс Құзыреден орыстың халық биі «Коробейники», Орынай Сабыржан А.Тиханованың «Корело - финская полька» атты шығармаларын, ал жас маман Ұлағат Төремұрат Жироның «Под небом Парижа» туындысын тарту етті. Қобызшылар да қошеметтен құр қалмады. Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» атты бірегей туындысы бас қобызда дуэт боп ойналды.

Балалар ансамблінің халық әні «Дедімай-ау»-ды орындаса (жеке дауыста Мажитова Асылай), сондай-ақ, оркестр Құрманғазының күйі «Балбырауынды» шабыттана тартты. Шара соңы жас маман Мирас Махмудтың орындауындағы «Аманат» әнімен қорытындыланды.

avavavav

Жиылған көпшілік әр туындыны тебірене тыңдап, тамашалады. Олар мерекеге орай осындай рухани кеш сыйлаған, саз мектебі директоры Сағия Хисамеденқызы бастап, барлық ұстаздар, оқушылар қостаған саз мектебі ұжымына риясыз ризашылықтарын жеткізді. Мұндай игі шаралар легі әлі де жалғасын таба бермек.

Шара барысында Жанбай ауылдық кітапханасының тәуелсіздікке қатысты кітаптары көрмеге қойылып, халыққа таныстырылғанында айта кеткен жөн.

Лена КАСАНҒАЛИЕВА,
ата-ана

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT