Тәуелсіздік құрдастары: «Еліміздің Тәуелсіздігімен құрдас болу біз үшін үлкен бақыт»

Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы дүниеге келген ұл мен қыздар бүгінде 30 жасқа келді.

Олар сан алуан мамандықты игеріп, болашақтың кілтін қолына ұстаған егемен елдің еркін азаматтары болды. Тәуелсіздіктің төл құрдастары Исатай ауданымызда да түрлі саланың тізгінін қолға алып, өңіріміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойы қарсаңында И.Тайманұлы атындағы аудандық музейде «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым» атты Тәуелсіздік құрдастарымен кездесу кеші өтті.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_47_20-1

Кездесудің алғашқы бөлімінде музей меңгерушісі Гүлмарал Жұбанова кеш қонақтарын аудан ардақтылары, өлке және аудан тарихы, этнография залдарымен таныстырды. Залда Тәуелсіздік құрдастары музейдің қор коллекциялары, өңірге белгілі аудан азаматтарының суреттері бейнеленген стенділер, музыкалық аспаптар, этнографиялық бұйымдар және өзге де құнды жәдігерлерді тамашалады. Азаттықтың ақ таңымен таласа туған аудан жастарымен өткен кездесудің екінші бөлімі еркін әңгіме өрбіту форматында жалғасын тапты. Кешті аудандық «Жалын» мәдениет үйінің қызметкері Абзал Серікқалиев жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін алған музей меңгерушісі Гүлмарал Жұбанова еліміздің 30 жылда орасан зор жетістіктерге қол жеткізгенін айтып өтті.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_47_35-1

Бүгінде өмірлік бағыттарын айқындап, елдің ертеңі үшін аянбай әр салада еңбек етіп жүрген Тәуелсіздік құрдастарының басын қосқан жиында олардың қызметтеріне, өмірлеріне қатысты жолданған қызықты сауалдар да жауапсыз қалмады.

Тәуелсіздіктің құрдасы Райымбек Өтешов – Исатай аудандық полиция бөлімі кезекші бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны. Алғаш еңбек жолын 2014 жылы Атырау қаласы, Балықшы ықшамауданындағы №1 қалалық полиция бөлімінен бастаған ол құқық қорғау саласында әлі де абыройлы еңбек етіп келеді. Тәуелсіздіктің құрдасы – тәртіп сақшысы Райымбек Өтешов бұл мамандықты таңдағанына өкінген емес.

«Мен мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылы дүние есігін ашқанымды мақтаныш санаймын. Өсе келе ойға алған арманым орындалды, полиция қызметкері атандым, өз елімнің тыныштығын күзетіп жүрмін», - деді полиция капитаны.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_48_08-3

Ал сегіз жыл бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан Тәуелсіздіктің келесі құрдасы Гүлзада Мұхатова бүгінде аудандық ауруханада мейірбике қызметін атқарады. Жастайынан дәрігер болуды армандаған Гүлзада Атырау қаласындағы жоғары медициналық колледжін тәмамдап, аудан тұрғындарының денсаулығына өз үлесіп қосып келеді. Ақ халатты абзал жан егемен елдің құрдасы болуды өзіне зор құрмет, үлкен мәртебе санайды.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_48_18

Тәуелсіздіктің таңында дүниеге келген перзент Жұлдыз Есенғалиева алты жылдық еңбек өтілін 2015 жылы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында ағылшын тілі маманы болып бастап, бүгінде жалпы білім беретін Аққыстау орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етуде.

- Менің енемнің енесі бүгінде ғасырға жуық (95 жас) уақытты бағындырған ақжаулықты жан. Ол Тәуелсіздікке қолымыз жетпеген жылдардағы қиындыққа толы уақыттарды әркез еске алып, сөз етіп отырады. Сонау тоқырау жылдардағы еліміздің басынан өткерген азапты күндері, ел ішінде жұмыссыздық белең алып, халық қалтасы жұқарып, салдарынан күнделікті күнкөрістің ауырлығы сезілген сол жылдарға қатысты әңгімелердің салқындығы көзімізге еріксіз жас та келтіретін. Егемендігімізге қол жеткізген сәттен-ақ, қиын күндер артта қалып, осы 30 жыл ішінде молшылық пен кеңшілікке тап болдық. Тәуелсіздік жылында өмірге келіп, бүгінгідей қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір кешіп жатқанымды бұл өмірдегі – басты бақытым санаймын , - деді Жұлдыз.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_48_43
Азатттықтың таңы арайлап атқанда дүние есігін ашқандардың бірі – Гүлфайрус Сұлташева. «Тәрбиенің тал бесігі – балабақшада» десек, ол бүгінде «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының тәрбиеші маманы. Әр жұмыс күнін бүлдіршендермен өткізетін жас маман, олардың қазіргідей тыныш қоғамда өмір кешіп жатқанына қуанады. 

«Тәуелсіздік біздің маңдайымызға оңай жазылмады. Бұл – қаншама ата-бабаларымыздың көз жасы, төгілген қанының нәтижесінде келген басты құндылығымыз. Оның бізге келген оңай олжа еместігін де жақсы түсінемін. Күнделікті жұмысымда кездесетін әр бүлдіршіннің осындай азат елдің ұрпағы болғанына шын қуанамын», - деді бала жанының бағбаны.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_48_54

Кездесу кешіне қатысқан 1991 жылы туған жастардың бірі Гүлшахризада Қапузанова күні кеше ғана 4-ші перзентін өмірге әкеліп, бүгінде көп балалы аналардың қатарына енгенін зор қуанышпен жеткізді. Білгеніміздей, жас ананың өмірлік серігі аққыстаулық Аманғали Өтегенов те Тәуелсіздіктің құрдасы. Қазіргі таңда жас ана үйде бала тәрбиесімен отырса, отағасы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бокс бөлімінің жаттықтырушысы болып еңбек етуде.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_49_15-1
Кеш қонақтарының арасынан кәсіпкерлік саласына бет бұрған жас кәсіпкерде табылды. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылы дүниеге келген Руфина Жұмабаева осы жылы мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие ұтып алып, өз алдына кәсіп бастаған. Ол қазіргі таңда үй жағдайында тәтті торттар пісіріп, өз өнімдерін аудан тұрғындарына ұсынуда.

Айтуынша, бұл кәсібі жолға қарқынды түскен. Тұрғындар тарапынан тортқа тапсырыс күнделікті келіп отырады. «Бұл да бір ел егемендігінің нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан, жетістік болса керек» деген жас кәсіпкер бизнес бастау үшін ешқашан кеш еместігін айтып, жиналғандарды алға қойған мақсатын орындауға шақырды.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_49_25-1

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп келе жатқан Жайдарман Мұхтарова да Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Ол 1991 жылы 14 желтоқсанда осы киелі құм Нарынның топырағында дүниеге келген.

«Қап, айтулы күнге екі күн жетпей қалғаны-ай!» деп «әттеген-айға» салған күндерім де аз болмады. Мен үшін Тәуелсіз еліміздің құрдасы болу – үлкен мәртебе. Оның үстіне өзім мемлекеттік қызмет атқарғандықтан, елімнің дамуына өз үлесімді қоссам», - деді білікті маман.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_51_27-1

Ал, бала күнінен спортты жанына серік еткен Тәуелсіздік құрдасы, кеш қонағы Марат Жұмабеков, Тәуелсіздік жылдарында елімізде спорт саласы қарқынды дамыды деген пікірде.

- Егемендігімізді алып еңселі ел болғалы спорт саласын дамыту жолында бүгінге дейін толағай табыстарға ие болдық. Алысқа көз тастамай ақ, өз ауданымызды алар болсақ та, өңір спортындағы оң өзгерістерді байқамауымыз мүмкін емес. Бүгінде ауданда бұқаралық спорт жақсы дамып келеді, әр ауылда спорттық секциялар ашылып, спортқа бет бұрған жастар қатары жыл сайын артуда. Өңірде спорт саласын дамытуға оң жағдай жасалуының нәтижесінде аудан спортшылары жыл сайын әлемдік додаларда топ жарып, көк туымызды көкте қалықтатып жүр. Бұның барлығы азаттықтың арқасында келіп жатқан жетістіктеріміз, - деп қорытындылады өз сөзін Марат.

whatsapp-image-2021-12-10-at-19_51_34-1

Еркін форматта өрбіген әңгіме барысында «Ембімұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының арнаулы эксковатр машинісі, Тәуелсіздік құрдасы Әміржан Ахатов Тәуелсіз мемлекет атанып, жаңа өмірге қадам басқан Қазақстанмен бірге өсіп, шыңдалу үлкен бақыт екенін атап өтті.

«Мұнай – біздің еліміздің басты шикізат байлығы. Біздің еліміз әлемдегі алғашқы мұнай өндіруші елдердің бірі. Бұл салада еңбек ету менің асқақ арманым еді. Қала берді асқар тау әкем де осы салада 30 жылға жуық уақыт еңбек етумен келеді. Сондықтан да болар өсе келе, мұнай саласына қызығушылығым артып, алға қойған мақсатымды осы арманыммен ұштастырдым. Қазір осы салада еңбек етіп жатырмын. Бұл да Тәуелсіздіктің тартуы болса керек», - деді Әміржан.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік құрдасы, Х.Ерғалиев атындағы музей меңгерушісі Мөлдір Туралиева да қатарластары тәрізді еліміздің бүгінгідей қарыштап дамуы Тәуелсіздіктің жемісі екенін қостайтынын жеткізді.

Мерекеге арналған кездесу Аққыстау орта мектебінің 5-сынып оқушыларының Тәуелсіздік тақырыбындағы жыр шумақтарын мәнерлеп оқу және «Жалын» мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы әсем әндермен жалғасын тапты.

Кеш соңы музей басшылығы тарапынан Тәуелсіздік құрдастарына алғыс хат және естелікке «Сахна желісі – Махамбет» атты жыр жинағын табыстаумен қорытындыланды.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT