"Таза Қазақстан": Атырауда дөңгелек үстел өтті

 

Атырауда «Таза Қазақстан — отбасылық құндылықтарды нығайту, экологиялық қауіпсіздік пен отбасы әл-ауқатының жолы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы отбасының рөлін, өңірлік деңгейде жобаны қолдау және қоршаған орта үшін ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын талқылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 

Жиынға қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Асан Қуанышкереев, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ата-аналар комитеттерінің өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

 

Сөз алған Нұржан Ермұханов Мемлекет басшысының: «Таза Қазақстан — бұл жай ғана сенбілік немесе бір реттік акция емес» деген сөзін еске салды.

 

«Бұл — экологиядан бастап мінез-құлық мәдениетіне дейінгі барлық саланы қамтитын кең ауқымды, жүйелі науқан. Өңірде жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр: біз мектеп оқушылары мен студенттерді белсенді тартудамыз, көгалдандыру бастамаларын қолдаймыз. Бірақ қаланың шын мәнінде таза әрі жасыл болуы — ең алдымен, отбасынан басталады. Осы бағытта жұмыс істеп келеміз», — деді ол.

 

Сондай-ақ ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруда ата-аналар, мұғалімдер мен жергілікті қауымдастықтардың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.

 

Асан Қуанышкереевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» қозғалысы — қоғамды сауықтыру мен жаңа ұрпақты тәрбиелеудің жолы.

 

«Тазалық — тек көшелер туралы емес. Бұл — денсаулық, әдеттер, өзіңе және өзгелерге деген көзқарас. Балалар тазалықтың өздерінен басталатынын түсінуі керек. Егер біз мықты, тұрақты ел болғымыз келсе — бәрі қарапайым нәрседен: өз үйіміз бен ауламыздағы тәртіптен басталуы тиіс», — деді ол.

 

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жеке және ұжымдық жауапкершіліктің маңызын, балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу, гигиена мен салауатты өмір салтын насихаттау мәселелерін талқылады.

 

Сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік, көгалдандыру және жастарды еріктілік жобаларға тарту жайы да кеңінен сөз болды.

 

Іс-шара 2024 жылдан бері еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында өтті. Атырау облысында бұл экологиялық бастаманы қолдауға, ағартушылық жұмыстар жүргізуге және жауапты азаматтық ұстанымды дамытуға бағытталған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT