"Таза Қазақстан": мұнайлы астананы таза ұстау – зор жауапкершілік

 

Елімізде соңғы уақытта "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында тазалық мәселесіне жіті көңіл бөліне бастады. Бұның бәрі – әр өңірдегі тазалыққа жауапты кәсіпорындардың күні-түні атқарып жатқан тынымсыз еңбектерінің нәтижесі. Солардың бірі – бірнеше жыл бойы жұмыс жасап келе жатқан қарапайым тазалықшы Гүлнұр Ниетәлиева еліміздің мұнайлы астанасын таза ұстау зор жауапкершілік жүктейтінін айтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 «Атырауды айнадай ету – біздерге жүктелген үлкен міндет. Өзім осында тазалықшы болып, халыққа адал қызмет атқарып жүргенімді мақтан тұтамын. Көше сыпырып жүргенім үшін ешқашан ұялған емеспін. Себебі, жұмыстың жаманы жоқ, бәрі де құрметті. Адал еңбекпен ас тауып жүргенге ештеңе жетпейді! Көп жағдайда тұрғындар да жұмысымызға риза болып, қысқы мезгілде жылы шай-тағамдарын әкеліп беріп жатады. Осының өзі еңбегіміздің бағаланып жатқаны болар деп ойлаймын. Тіпті, Мемлекет басшысы да жұмысшы мамандықтар жылын жариялап, қарапайым еңбектің мән-маңызын айқындап берген жоқ па? Ендеше, мен де ел үшін еңбек етуді денсаулығым жеткенше жалғастыра беретін боламын» дейді ол.

Ал, Ардақтың әріптесі Марат Дәулетқалиев жол жиегін жуатын көліктің жүргізушісі болып жұмыс жасайды. Ол да жауапкершілік жүгі жеңіл емес екенін жеткізді. "Өзіміздің Президентімізді айтпағанда, бұл қалаға күн сайын түрлі елден құрметті қонақтар келіп-кетіп жатады. Телеарналардан тілшілер келіп түсірілім жасайды. Қаланың әр бұрышында маңызды іс-шаралар өтеді.

Сондықтан мұнда тазалық жұмыстары зор ыждағаттылықпен жүреді деуге болады. Біздің жұмыс ертемен басталады. Алдымен, денсаулығымызды, соның ішінде қан және көз қысымын тексереді. Содан соң алкотест тапсырамыз. Бәрі дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз. Мен айдайтын көлікте 10 тонна су бар. Ол екі сағатқа жетеді" дейді ол. Ал, «Жасыл ел» жасағының сарбазы Айым Өтегенованың ойынша, қаланы тазарту арқылы әлемді жаңартуға болады.

Егер еліміздің әр азаматы қоқысты жерге тастамай, арнайы орынға апарса, кейін сол қоқысты қайта өңдеуге немесе утилизацияға жіберсе, еліміз әлемдегі ең таза мемлекеттер көшін бастар еді. «Бір ғана кішкентай қуат көзі – батарейканы алып қарайықшы. Оның құрамында улы әрі ауыр металдар жетерлік. Біз соны еш ойланбстан кез келген жерге лақтыра саламыз. Ал, ол жерге түссе, 20 метр аумақты, суға түссе 4 литр суды жарамсыз қылып жіберетінін білесіз бе? Олай болса, оны қайта өңдейтін арнайы мекемелерге апарып тапсырған жөн. Қалай болғанда да, қаламыздың тазалығы өзгеге емес, өзімізге керек.

Біздің айналамызды басқа жақтан біреу келіп тазалап бермейді. Мұндағы ауа да, су да, орман да тек өзімізге қажет. Сондықтан осының бәрін жас ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Мәселен, жапониялықтар тазалыққа қатты мән береді. Онда тазалық бөлек бір мәдениет пен дәстүрге айналған. Олар тіпті өзге елге барса да, жүрген жерін қоқыстан тазартып жүреді. Міне, мұның өзі Жер-ана баршамызға ортақ екенін білдіріп тұрғандай. Жерге түкіргеннің өзі анамыздың бетіне түкіргенмен бірдей ғой» дейді табиғат жанашыры. Ендеше, «Таза Қазақстанда» өмір сүргіміз келсе, тазалықты ең алдымен өзімізден бастайық, ағайын!

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT