Таза Қазақстан – бұл еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, табиғатты қорғауға және халықтың экологиялық санасын арттыруға бағытталған маңызды жалпыұлттық бастама.
Аталған акция қоғамды тазалыққа шақырып қана қоймай, әрбір азаматтың туған жерге деген жауапкершілігін күшейтеді. Акция аясында жыл бойына аудан көлемінде жүйелі түрде сенбіліктер өткізілді.
Көшелер, саябақтар, балалар ойын алаңдары, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің аумағы тазартылып, заңсыз қоқыс орындары жойылды. Сонымен қатар, жасыл аймақтарды көбейту мақсатында ағаш көшеттері отырғызылып, гүлзарлар күтіп-бапталды. Бұл жұмыстарға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру ұйымдарының ұстаздары мен оқушылары, жастар ұйымдары, еріктілер және ауыл тұрғындары бірлесе қатысып, үлкен ұйымшылдық танытты.
“Таза Қазақстан” акциясы аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Табиғатты аялау, қоқысты сұрыптау, қоршаған ортаны ластамау секілді ұстанымдар күнделікті өмірдің бір бөлігіне айнала бастады. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдердің тазалық жұмыстарына белсенді араласуы – болашақта экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптасатынының айқын дәлелі.
" Таза Қазақстан" бастамасы ауданымыздың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар арасында бірлік пен ортақ жауапкершілікті нығайтты. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын тауып, әрбір азамат туған жерінің тазалығын сақтауға өз үлесін қоса берсе, ауданымыз одан әрі көркейіп, экологиялық тұрғыдан таза әрі жайлы мекенге айналатыны сөзсіз.
Г.СӘДУАҚАС,
МАХАМБЕТ АУДАНЫ


