Жыл сайын қыркүйектің үшінші жұмасында Дүниежүзілік тазалық күні аталып өтіп, әлемнің 130-дан астам елінде қоқыс жинау шаралары ұйымдастырылады. Миллиондаған адам қалалар мен ормандардағы қоқыстарды тазалау үшін жиналады.
Осы орайда айта кетсек, көктем басталғаннан бері еліміздің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға бағытталған жалпыұлттық экологиялық бастама – «Таза Қазақстан» акциясы өткізіліп келеді. Қазақстан халқын туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде біріктіретін бұл акцияға осы уақытқа дейін үш миллионға жуық адам қатысып, миллион тоннадан астам қоқыс жиналды, 100 мың түп ағаш егілді.
Табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру және елдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында осы жылдың сәуір айының басында қолға алынған акция алғашында мынадай 5 апталыққа жоспарланған еді:
13 сәуірге дейін - «Таза өлке» апталығы. Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартты.
20 сәуірге дейін - «Киелі мекен» апталығы. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды.
27 сәуірге дейін - «Жасыл аймақ» апталығы. Оның барысында ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеу қолға алынды.
4 мамырға дейін - «Өнегелі ұрпақ». Ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналды.
Соңғы апталық - «Мөлдір бұлақ». Бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады. Осы жылдың сәуірінде Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл акцияға ерекше назар аударды.
«Су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бір реттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент тек айтып қана қойған жоқ. Ел тұрғындарына үлгі-өнеге көрсетіп, сенбілікке өзі де шықты. Атап айтқанда, елордадағы «Ұлытау» аллеясында ағаш отырғызды.
Сондай-ақ іс-шара аясында Мемлекет басшысы жастармен әңгімелесіп, қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өтті. «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл - бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын», – деді Президент.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен кезде де дәл осы акцияға айрықша мән берді. «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.
Атырау облысында бүгінге дейін 11 сенбілік өтіп, 45 522 адам қатысты, 1016 дана техника жұмылдырылды. Полигондарға 1 378 тонна қоқыс шығарылды. Жыл соңына дейін тағы 19 табиғат қорғау шарасы өткізілмек. Жетісу облысында жалпы 1 187 техника жұмылдырылып, 7 055 тонна қоқыс шығарылды, 22 255 шақырым арық желісі тазаланды. Сонымен қатар, 25 826 шаршы метр автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды. Түркістан облысында аудан, қалаларда 291 ауқымды іс-шарасы өткізілді. Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. барлық аудан, қалаларға кіреберіс аумақтары мен жолдардың бойы тазаланып, ретке келтірілген.
Ал, Jibek Joly арнасында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Таза қала» ауқымды тележобасы шығып жатыр. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады. Бұған дейін Шымкент, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Семей, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Қонаев, Жезқазған, Қарағанды, Астана, Қостанай қалаларының тазалығы жөнінде репортаждар сериясы жарияланды.