20 қыркүйек күні Индер ауданында республикалық “Таза өлке” экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Шара барысында тұрғындар арамшөптерді жұлып, құрылыс қалдықтарын, түрлі тұрмыстық қоқыстарды жинап, айналаны айтарлықтай тазартты.
Индербор кенті әкімдігінің дерегінше, аудан орталығындағы сенбілікке 13 мекемеден 54 адам атсалысып, 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Сонымен қатар Жарсуат, Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай, Аққала ауылдық округтерінде де мектеп мұғалімдері мен ауыл тұрғындары белсенділік танытып, тазалық мәдениетінің жарқын үлгісін көрсетті.
Акцияның негізгі мақсаты – аумақты таза ұстау ғана емес, сонымен бірге халықты бірлікке, ұйымшылдыққа, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыру. Тазалық шарасына қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар елді мекендердің көркін келтіріп қана қоймай, жастарға үлгі болып, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Ақмарал БОКИРОВА