Қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі - темекі. Оның адам ағзасына тигізетін зияны өте көп. Оны бір бастап тартқан адам, көпке дейін оңайлықпен тастай алмайды. Ал, кейбіреулер темекі шеккенді дәреже көреді. Мүмкін олар темекінің қаншалықты зиянды екенін білмей жүрген шығар немесе білсе де мән бергісі келмейді. Темекінің зияны туралы біз бала күнімізден естіп келе жатырмыз. Үлкендеріміз темекіні тартпақ түгілі ұстап қараудың өзіне тыйым салып отыратын еді. Кейбір адамдар ағзаның бұзылуы шылым шеккеннің кесірінен деп есептемейді. Сол себепті, темекі тартудан қорықпайды.
Оның әсері адамға бірден емес, уақыт өте келе біртіндеп байқалады. Көп жыл бойы шылым шеккен адам оған тәуелді болып өмір сүреді. Соның бірі ретінде, 20 жылға жуық уақыт темекіні үзбей тартып келе жатқан ауылымыздың тұрғыны Асқар Серікті айтуға болады. Ол кісінің айтуына қарағанда, темекінің зияны біз ойлағаннан да күрделі болып шықты.
- Менің темекі тартқаныма 20 жыл жақындады. Ең бірінші бастап тартқан кезде бас айналып, денеде өзгешелік болғаны рас. Артынан бойым әбден үйреніп, темекіні іздеп тұратын жағдайға жеттім. Ол біріншіден денсаулықтың, екіншіден қалтаның жауы. Жас күнімізде бұның соңы неге апаратынын түсінбеппіз. Қазір өкінеміз, бірақ темекінің түтіні бойымызға әбден сіңіп қалды. Теңертең ұйқыдан тұра сала ең бірінші темекіні іздейміз. Тамақ ішердің алдында, тамақтан соң міндетті түрде темекі тартпасам бойыма бір нәрсе жетпей тұрғандай сезіледі. Темекінің зияны әсіресе, қимылдап жұмыс жасаған кезде байқалады. Баспалдаққа түсіп шыққанда кеудем қысылып, тынысым тарылады. Жұмыс жасағанда тез шаршап қаламын. Жүгіру былай тұрсын, жаяу жүргеннің өзінде қара терге түсіп, мазам кетеді. Кей кездері ол жүректің соққысын күшейтіп, әрбірден соң құсуға дейін апарады. Бірнеше рет темекіні тастауға жұмыстанып көрдім. Бірақ, тастай алмадым. Себебі, күн ұзағына мазам болмай, басым ауырды. Тамағым қысылып, жүрегім көтерілді. Асқа деген тәбеттің бәрі тоқтады. Екі-үш күннен кейін әлсіреп, тіпті, бас айналып құлап қала жаздадым. Бас ауруға қарсы дәрілерді де ішіп көрдім, бірақ, әсер етпеді. Амалсыздан қайта темекі тартуға мәжбүр болдым - деді ол.
Темекіні есірткінің кішкене түрі деуге болады. Өйткені, оны қолданатын адамдар уақытылы шекпесе беймаза күйге түсіп, ештеңеге зауқы болмайтынын кейіпкеріміздің әңгімесінен байқадық. Адам ағзасы оған үйреніп қалғаннан кейін, одан бас тарту қиынға соғатынын да білдік.
Темекінің зияны жайлы мәліметтерді ғаламтордан ашып оқысаңыз, қаншалықты қауіпті екеніне көз жетеді. Ол көп адамның түбіне жетті десе де болады. Сондықтан басынан бастап темекіге жоламаған дұрыс. Ал, темекі тартып жүрген ағаларымыз, оны тастаудың амалдарын қарастырған жөн.
Берікбол ҚОНАРОВ