Темір тұлпар тізгіндеу Оңай болмай бара жатыр

Жанар-жағар май құю орындарында бүгінгі күні АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы 150 теңгенің шамасында.

Дизель отыны одан да қымбат, шарықтау шегіне жетіп, 185 теңгенің о жақ, бұ жағында тұр. Бұрынғыдай АИ-80 маркалы бензин қазір нарықта жоқ.

Осыдан 4-5 жыл бұрын жанар-жағармай еселеп қымбаттай бастаған тұста елдің бәрі көліктеріне газ қондыра бастады. Бензинге қарағанда бірнеше есе арзан көгілдір отынды көлікке орнату экономикалық жағынан тиімді екенін бәрі біледі. Бірақ, техникалық сипаттамасы мен қаржылық мүкіндіктерін бүге-шігесіне дейін зерттеуге уақыты бола бермейтін қалың көпшіліктің әлі де болса ол тақырыпты терең бойлай қоймағаны аңғарылады.

Мәселен, орта есеппен күніне 10 литр бензин жағатын автокөлікке АИ-92 маркалы бензиннің бір литрін 150 теңгеден есептесек, айына 45 мың теңге шығын шығады екен. Ал, 1 литрі 60 теңге тұратын газбен жүретін көлікке айына 18 мың теңгеге газ құясыз. Айырмасы – 27 мың теңге. Қазіргі нарықтағы 4-ші буынды газ қондырғысын көлікке орнату бағасы – орташа алғанда 120 мың теңге. Енді бензин мен газ бағаларының айырмасы 27 мың теңгені 5 айға көбейтсек, 135 мың теңгені құрайды екен. Яғни, көлігімізді дереу көгілдір отынға ауыстырсақ, 5 айда бензинге кететін шығынымызды қайтарып, алтыншы айдан бастап таза пайдаға кенелеріміз анық.

Әрине, біз бензинді қаралап, газды мақтап немесе біреудің мүддесін қорғап, насихаттау жұмыстарын жүргізіп отырған жоқпыз. Монополистерге қарсы саясат та жүргізуден аулақпыз. Бірақ, қазіргі нарық заманында әрбір тиынды санап жұмсап жүрген қарапайым халыққа титтей де болса экономикалық жағынан тиімді көмек көрсете алсақ деген ізгі ниет қана біздікі.

Ал, енді газға ауыссам қозғалтқышты «құртатын» көрінеді, табиғаты қатал өңірімізде болатын аптап ыстық кезінде газ баллонының жарылу қаупі болмай ма деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Біріншіден, көлік қозғалтқышы үшін көлікке құятын газдың сапасы басты рөл атқарады. Бұл тұрғыда кәсіби автожүргізушілерден асқан кеңесші жоқ. Қай бекеттің майы мен газы сапалы, қай жақтан жеткізіледі, бағасы қандай деген сауалдарға солар жан-жақты жауап береді. Егер, ол кеңестерге қанағаттанбасаңыз, әрбір он күн сайын көлігіңізді жарты күн бензинмен жүргізіп қойғанның зияны жоқ. Құрғақ газдың әсерінен зақымдалуы мүмкін қозғалтқыш саймандары бензиннің арқасында майланып, қуыс-мүйістеріне дейін «жанданып», көлігіңіз жақсы жүретін болады. Екіншіден, көлікке газ орнатқан мекеме 1 жылға кепілдік береді, соған сәйкес және өзіңіз үшін газ қондырғысының форсункалары мен сүзгілерін (фильтр) уақытылы ауыстырып тұру керек. Кез келген затты күтіп, баптап ұстаса, оның пайдалану мерзімі ұзақ болатыны белгілі.

Газ баллоны қалың қабатты металлдан жасалатындықтан, жол-көлік апаттары кезінде баллон жарылады деген уәж қисынсыз. Ал, апат кезінде түтікшелер мен құбырлар үзіліп, газ далаға жайылып, өрт болу қаупін тудырады деушілерге айтарымыз – әрбір газ баллонының мойнында арнайы клапан болады, кез келген жағдай кезінде клапан жабылып, баллоннан келетін газды бұғаттап тастайды. Алысқа бармай-ақ батыс өңіріне кіретін 4 облысқа тоқталсақ та жетіп жатыр. Мәселен, Атырау мен БҚО-на қарағанда Ақтөбенің көліктерінің көбісі газге ауысқан. Машина сатумен айналысатын сайттардан байқағанымыз, ақтөбелік сатылымдағы көліктердің жартысынан көбінде газ бар. Ал, Маңғыстауда бұл көрсеткіш едәуір биік. Жалпы қаласы мен ауылдары жаппай газға ауысып кеткен бе дерсіз. Өйткені, Ақтауға барып-келіп жүргенердің айтуынша, ол жақта такси қаланың бір шентінен екінші шетіне дейін жету үшін небәрі 200 теңге көрінеді. Ал, бізде тек Аққыстаудың ішінде 200 теңге төлесеңіз де көңілі толмайтындар бар ғой.

Қысқасы, экологиялық жағынан таза, құны қолжетімді, Экспо-2017 көрмесі кезінде Елбасы көтерген «Жасыл экономика» бағдарламасына да сәйкес көгілдір отын мәселесі – өте өзекті. Онсыз да елде әзірге төртінші мұнай өңдеу зауыты салынбайынша, жанар-жағармай дефициті күн тәртібінен түсе қоймас. Ал, біреуге қараған күннің не екені айтпай-ақ түсінікті. Көңіл-күйі болған күні арзан бағамен беріп, ренжісіп қалған күні қымбат бағамен сататын ойыншыларға қараған күнің құрысын. Одан бензин мен дизельдің бағасы қымбатамаса, арзандамайды. Әлем бойынша табиғи газдың барланған қоры жөнінен Қазақстан 15-ші орында екен. Демек, бензин арзандамаса да, газдың аса бір қымбаттай қоймасы анық. Ендеше, дереу арада көлігіңізді газға ауыстырыңыз, ағайын.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521