Теміржол бойында мал қағылу оқиғалары орын алып отыр.
Үстіміздегі жылдың төрт айының ішінде Атырау жол дистанциясының «Ганюшкино-Атырау» учаскесінде 12 мал басу дерегі орын алған. Көптеген мал иелері жергілікті табиғат жағдайына орай шөп бар жерде су болмайтынын, су бар жерде шөп болмайтынын, соған байланысты малды бос жіберетінін алға тартады. Қалай десек те, малдан ешкім зардап шекпеуі керек. Сондықтан да жергілікті аудандық әкімдіктегілер аудан бойынша ауылшаруашылық малдарын бағу ережесін қарастырып, малды теміржолдан тыс жерлерге шығарып бағу орындарын белгілеп, мүмкін болмаса теміржол жиегінде мал бағуға арнайы талаптар қойылып, мал иелерінің міндеттерін орындау қатаң қадағалауға алынса дейміз. Өйткені, теміржол бойындағы қараусыз малдың артында ең бірінші - азаматтарымыздың өмірі, экономикалық-материалдық шығындар жатқанын естен шығармағанымыз абзал.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы «Теміржол көлігі туралы» және басқа да теміржол көлігіндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес нұсқаулықтар бойынша қоршалмаған учаскеде малды теміржолдан 300 метр қашықтықта арқандаулы бағуға ғана рұқсат берілген. Ал, теміржолдан 2000 метр қашықтыққа дейінгі малдар үнемі қадағалаумен бағуға рұқсат етілген. Егер осы заңдылықтар сақталмаған жағдайда, теміржолдың жиегіне мал жайғаны үшін және теміржолдың жиегіндегі қардан қорғағыш ағаштарды, құмнан қорғағыш қамыстарды және басқа да теміржолдың материалдарын бүлдірген болса, мал иесіне Қазақстан Республикасы «Көлік және жол шаруашылығындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңының 30-бөлімінің 559-бабына сәйкес әкімшілік шара қарастырылған.
Қараусыз малдардың өріске шығып, теміржол бойында жайылуы- локомотивтердің шұғыл тежегіш құралын қолдануға әкеліп соқтырады. Соның салдарынан пойыздың қозғалыс кестесі бұзылады және жол жиегіндегі теміржолды қардан, топырақтан қорғау үшін тұрғызылған екпе ағаштар мен қолдан жасалған қорғаныс құралдарын, сым қоршауларын бүлдіреді.
Малдарды теміржолдың айналасына бағудың өз тәртібі, өз ережесі бар. Әрбір елді мекендердің, шаруа қожалықтарының мал жаюға арналған белгіленген учаскесі болуы тиіс. Мал белгіленген учаскелердің ішінде бағылады.
Аманқос ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Атырау жол дистанциясы басшысы