Тергеу изоляторындағы атыраулық азамат әкесімен кездесті

Атырау облысы Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес тергеу изоляторында шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандардың туыстарымен кездесуге рұқсат етілген болатын.

Осы мүмкіндікті алғашқы болып пайдаланғандардың бірі – жол-көлік апатын жасағаны үшін 3 жылға сотталған 27 жастағы Нұрбағыт. Оған ұзақ мерзімді кездесуге әкесі келген.

Нұрбағыт осы жылдың 23 наурыз күні мас күйінде Атырау қаласы, Геолог мөлтекауданы тұсында бағдаршамда тұрған көлікті соғып, маусым айында Атырау қалалық №2 сотының үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Карантин талаптарына сәйкес, ол бірнеше ай бойы әкесімен кездеспеген. Енді ғана әке мен баланың кездесуіне мүмкіндік туып отыр. Айдар өзінің ұлына ыстық тағамдар мен сусындар және анасы жүннен тоқыған шұлығын әкелді.

- Қанша жерден қателік жасаса да, ол менің ұлым болып қала бермек. Осындай өмірінің қиын сәттерінде ұлыма демеу болып, мекеме бастығының рұқсатымен және коронавирустық тесттен өтіп, ұлыммен кездесуге келдім. Бұрын түрме дегенде ойыма тар қапас, ескі ғимарат, тіпті егеуқұйрықтар елестейтін еді. Алайда бүгін олай емес екендігіне көзім жетіп отыр, - дейді Нұрбағыттың әкесі Айдар.

Нұрбағытта тезірек бостандыққа шығып, әкесі мен анасына қолғанат болғысы келеді. Себебі. ол - әке-шешесінің тұла бойы тұңғышы.

- Мекеме басшылығынан әкеммен қалай кездесуге болатындығын сұрап, олардың тарапынан барлық көмек көрсетілді. Сол себепті мекеме бастығына және қызметкерлеріне өзімнің алғысымды айтамын. Ұзақ уақыт көрмеген әкемді көріп, мауқымымды бастым. Енді тезірек осы жерден шығып, қайта келмеуге тырысамын, -деді Нұрбағыт.

Айта өту керек, мекемеге ұзақ мерзімді кездесуге келетін сотталғандардың туысының ПТР-тесті болуы тиіс.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT